Қолжетімді интернет
Ауылдарда – жоғары жылдамдықты интернет. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша, 2027 жылға дейін Қарағанды облысының 164 ауылы талшықты-оптикалық байланысқа қосылады. Бірінші кезең биыл басталады: 32 мыңға жуық адам тұратын 42 ауылға сапалы интернет тартылады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы ауылдарды талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ағымдағы жылы 42 елді мекен ғаламторға қосыла бастаса, келесі жылы тағы 59-ы қамтылады, қалған 63 елді мекен 2026-2027 жылдардағы республикалық жобаны жүзеге асыру барысында қамтылмақ. Бұл жөнінде штаб отырысында талқыланды. Бұл науқан ауылдық жерлерде, әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және кәсіпкерлік салаларда цифрландыруды дамытуға оң ықпал етеді. Жол бойларында интернет жақсы қызмет атқаратын болады. Ол үшін танымал туристік бағыттарға баратын маршруттардың бойында арнайы құрылымдар салынады. Алғашқы 6 құрылым осы жылдың соңына дейін орнында қалады. Облыс орталығында 5G қамту аймағы артады. Бүгінгі таңда Қарағандыда бесінші буынның 13 ұялы байланыс базалық станциясы орнатылды, келесі жылы тағы 45-ін салу жоспарлануда.
– Бұл – өзекті мәселе. Бұл жобаның жүзеге асуын көптеген ауыл күтуде. Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға қажетті жұмыстардың жедел жүргізілуін және бейінді басқармаға барынша жәрдем көрсетуді тапсырамын. Интернетті ауыл мектептеріне тартуды да бақылауда ұстаңыздар. Жұмыс уақытында аяқталуы тиіс, – деді өңір басшысы Ермағамбет Бөлекбаев.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»