«ASHYQ» АЛАҢСЫЗ БИЗНЕСКЕ ЖОЛ АШАДЫ

Әлемді әбігерге салған коронавирустық пандемия салдары өткен жылдың наурыз айынан бері біздің елде де бірқатар бизнес түріне шектеулер, тоқыраулар алып келді. Кәсіпкерлердің кірісі саябырсып, шығыны молайды. Боулинг, бильярд, караоке, компьютер клубтары, шағын жаттығу залдары, түрлі үйірмелік орталықтар әлі де жұмысын толық жандандыра алмай отыр. Себебі, індет іргесін әлі де толық алыстата қойған жоқ. Жабық нысанда жұрттың көп шоғырлануы инфекцияның таралу қаупін арттырмақ. Дегенмен, «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, сырқаттан секем алдық екен деп қол қусырып отыра беруге де болмайды. Сондықтан да, жоғарыда аталған бизнес түрлерінің қайта тыныстауы үшін шектеулерді ішінара алып тастауға балама ретінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды. Жобалық кеңсе (Цифрлық даму министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Атамекен» ҰКП) жұмысы барынша жандануда. Аталмыш шараның басты пайдасы – қауіпсіздікті қамту. Бүгінде кез келген формада (ауру белгілері бар немесе белгілері жоқ) COVID-19 індетімен ауырғандар үй карантинін сақтау бойынша міндеттеме алып, оны қолхатта жеке қолтаңбамен растайды. Алайда, көп жағдайда өзін-өзі оқшаулау режимі бұзылып жатады. Ауырып қалған немесе науқас адаммен байланыста болған адамдар қоғамдық орындарға барады, коронавирустың таралуына себепші болады. Қосымша осындай келушілерді анықтауға және басқа келушілердің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Нақты айтқанда, «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану және Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы келушінің мәртебесін – ол вирус жұқтырған ба, жоқ па – анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, елде бұл қосымша турасында әлі де сұрақ көп. Сол себепті біз Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатековамен сұқбаттасуды жөн санадық.

— Бұл мобильді қосымшаны әзірлеуші кім, мақсаты қандай?
— «Ashyq» мобильді қосымшасын ҚР Цифрлық даму министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ-компания әзірлеген. Бизнес субъектілеріне QR-код беріледі. «Ashyq» қосымшасы қауіпсіз қызметке жағдай жасап, келешекте карантиндік шектеулерді азайту және азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдетуді қамтиды.
— Қосымшаны қолдану баршаға міндетті ме?
— Кәсіпкерлерді де, азаматтарды да қосымшаны қолдануға міндеттемейді. 17 қаңтардан бастап пилоттық режимде «Ashyq» қосымшасын бірнеше фитнес-клуб, спа-орталықтар, сауналар және ресепшіні бар басқа да нысандар қолдана бастады. Пилотқа қатысу ерікті жүргізіледі. Фитнес-орталықтар мен cпа- салондарынан басқа келушілері мен персоналының қауіпсіздігіне алаңдайтын бизнес иелері өз қалауынша осы қосымшаны
қолдана алады. Жобаға әр түрлі бизнес түрлерінің қатысу алгоритмдері бизнес қоғамдастық және санитарлық дәрігерлермен келісіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде кейбір комментаторлар жазатындай, қосымшаны сауда орталықтары, базарлар, үй жанындағы дүкендер мен қоғамдық көліктерде күшпен қолдану жоспарланбайды.
— Қосымшаны қолдану тәртібі қандай?
— Аса күрделі ештеңе жоқ. Әуелі нысанға келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алуы тиіс, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізу керек. Сосын нысанға кіреберісте кіруді тіркеу үшін нысанның QR-кодын сканерлеу керек. Экранда статус (көк, жасыл, қызыл немесе сары) көрінеді. Сосын шығаберісте – нысаннан шығуды тіркеу үшін QR-кодты тағы да сканерлеу керек. Келушінің қолында смартфоны болмаған жағдайда немесе қосымшаны жүктеуде қиындықтар туындаса, нысандағы жауапты қызметкерге қосымшада арнайы рөл беріледі – қызметкер келушінің ЖСН-і арқылы оның нысанға кіруін тіркей алады.
— Статустар түсіне орай қалай жіктеледі?
— Мұнда да арнайы тәртіптеме бар. Жасыл статус – жүріп-тұруда шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже шыққан пайдаланушы болып шығады. Көк статус – ПТР-тестілеудің нәтижесі жоқ, ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ. Сары статус – деректер базасында байланыста болғандар есебінде тұрған адам. Қызыл статус – жүріп-тұрудың шектелгенін, Covid-19-ке оң нәтиже шыққанын, үй жағдайында оқшаулау режимін қатаң сақтауды білдіреді. Статустың сақталу ұзақтығы уақытша. Жасыл статус – үш күн, яғни ПТР анықтама жарамдылығына пара-пар. «Қызыл» немесе «сары» – ПТР-тестілеу теріс нәтиже көрсеткен бойда және науқас немесе жақын байланысатын адам үшін белгіленген оқшаулау режимінің аяқталғаннан соң алынып тасталады. Бұл жобаның КВИ-ға қарсы вакциналаумен байланысы жоқ.
Егер, кәсіпкерлік субъектісі оны өз еркімен орнатқысы келмесе, жобалық кеңсе сауда және ойын-сауық орталығы, дәріханалар, үй жанындағы дүкендер сынды нысандарға қосымшаны орнатуды қарастырмаған.
— Бұл жоба басқа елдерде сыналған ба?
— Бүгінгі таңда QR-кодтарды қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең таралған. Басқа елдерде де балама қондырғылар бар. Пилоттық жобаға қатысушы- кәсіпкер клиенттің «қызыл» статусы туралы СЭҚ қызметіне хабарлауы қажет. Қазіргі кезде телеграмда @support_ashyq_bot техникалық қолдау көрсетуқызметі іске қосылған. Қосымша таралатын болса басқа арналарды қосу қарастырылуда. Ал, Қарағанды облысында «Ashyq» пилоттық жобасы ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап Қарағанды қаласында (Қазыбек би атындағы және Октябрь аудандарында) келесі кәсіпкерлік нысандарында:
— фитнес-клубтар;
— спа-орталықтар;
— сауналар, бассейндер;
— компьютерлік клубтар (18 жасқа дейінгі тұлғаларды қоспағанда);
— боулинг клубтарында іске асырыла бастады.
— Егер, осындай қосымшасы бар орталыққа келген қонақтан сары не қызыл статус анықталса нендей шаралар қолданылады?
— Оқшаулауға жататын келушілер «сары» (COVID-19-бен байланыс), «қызыл» (COVID-19-ға оң нәтижемен) мәртебесіне сәйкес анықталған кезде 8 (7212) 411335 телефоны бойынша Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментін хабардар етуі тиіс.
Бүгінгі күні Қарағанды қаласында жобаның пилотына 12 бизнес объектісі қатысуда, олардың барлығы арнайы QR-код алды, олар – боулинг клубы, 2 фитнес және 9 компьютерлік клуб.
— Әңгімеңізге рахмет!

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»