Тіл мәртебесі — ел мәртебесі
Тіл – халықтың жаны. Әрбір мемлекеттің болашағы — оның тілінде. Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов бір сөзінде: «Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады» деген өсиет қалдырған. Тіл тағдыры мен мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан газетіміздің бұл санында «Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының» басшысы Қаңтарбекова Гүлнарайым Хасенқызымен қызмет көрсету салалары, көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы тіл мәселесі хақында сұхбаттастық.
— Гүлнарайым Хасенқызы, қазір қазақ тілі мәселесі төңірегінде көптеген даулар мен сұрақтар бар екені барлығымызға аян. Ата Заңымызда мемлекеттік тіл ретінде бекітілсе де, өзге тілдерден кенже қалып жатқаны жасырын емес. Бұл тұрғыда тіл жанашырлары тарапынан айтылатын айып пен сын тікелей Сіздерге, яғни «Тілдерді дамыту басқармасына» бағытталады. Жалпы, басқарма қаншалықты қоғаммен кері байланыс жасайды?
— Қазіргі таңдағы қазақ тілінің жағдайы, мемлекеттік тілдегі қызмет көрсету сапасы – бүгінгі күні тіл жанашырлары тарапынан жиі көтерілетін сұрақтардың бірі.
Олардың тарапынан айтылып жатқан сын-пікірлердің барлығы тілдерді дамыту басқармасының бақылауында. Ол бойынша арнайы мониторинг жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Тіл мәселелерін қоғам болып шешу мақсатында тіл жанашырларымен бірлесе отырып, шаралар ұйымдастырылуда. Бірінші кезекте тіл мәселелерін үнемі көтеріп жүрген тіл жанашырлары және белсенділерімен тиісті мемлекеттік мекемелер қатысуымен тұрақты түрде кеңестер өткізілуде. Тіл белсенділерінің ұсыныстарын ескере отырып, қазақ тілін ілгерілету бойынша облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, арнайы жұмыс тобы құрылған.
— Қазір ақпарат алудың және таратудың басты күші – әлеуметтік желілер. Түрлі парақшалардан қате балама мен орынсыз аудармаға толы жарнамалардың фотосуреттерін көреміз. Сондай-ақ, өз тілінде ақпарат беруді талап ететіндер үнемі кемсітушілікке ұшырап, оларға қызмет көрсетушілер тарапынан дөрекілік көрсетілетінін айғақтайтын бейнежазбалар да аз емес. Біздің қаламызда осындай жағдайлар орын алса, қандай іс-шара қолданасыздар?
— Кейінгі кезде әлеуметтік желіде, түрлі интернет ресурстарында жарияланып жүрген тіл мәселесіне қатысты бейнематериалдар бойынша «Қазпошта», автопарктер, сауда үйлері басшылықтарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық әкімдіктерге халыққа қызмет көрсету саласына қарасты ұйымдар басшылығымен, тіл білмеген жағдайда жағдайда қызметкерлері дөрекілікке бармай немесе қызмет көрсетуден бас тартпай, сыпайы түрде тіл білетін маманды шақыру, көрнекі ақпараттарын заңға сәйкестіндіру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсынымдар берілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қала мен аудан әкімдіктері 57968 шағын және орта бизнес нысандарына сараптама жүргізді. Нәтижесінде, 28998 (50%) нысандағы қызметкерлер мемлекеттік тілде қызмет жасай алмайтыны анықталды.
Анықталған нысандарда заң талаптары бойынша ақпараттық-түсіндіру, ұзақ және қысқа мерзімді тегін оқыту курстарына тарту, тегін әдістемелік көмектер ұсынылуда.
— Анықталған заңбұзушылықтарды түзету мақсатында қандай жұмыстар жүргізіледі?
— 2021 жылы басқарма бастамасымен 3 рет өткізілген «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға сауаттылық!» атты айлықта қамтылған 11 504 нысанда анықталған 2527 заңбұзушылықтардың 598-і (36,8%) түзетілді.
Рейдтерге қосымша тіл туралы заңнаманың талаптары туралы ақпараттық парақшалар әзірленіп, оларды барлық шағын және орта бизнес нысандарына тарату жұмыстары ұйымдастырылуда. Қамтылған нысандардың 2837-іне өңірлердегі кәсіпкерлік палаталарымен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда нысандарға 9799 дана ақпараттық парақша таратылды. Қызмет көрсету салалары бойынша «Тілашар» қысқаша сөздіктері, 17 жағдаяттық бейнероликтер әзірленіп әлеуметтік желілерде жарияланды.
Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен келісілген өзара меморандумға сәйкес, палатаның жергілікті өкілдерімен бірлесе кәсіпкерлерге тіл заңнамаларын түсіндіру бойынша жыл басынан бері кездесулер, семинарлар ұйымдастырылып келеді. Бұл бағытта жыл ішінде барлық қала мен аудандарда 150 шара ұйымдастырылып, 2076 адам қамтылды.
— Өте жақсы! Гүлнарайым Хасенқызы, қазір көрнекі ақпарат, сыртқы жарнама, қызмет көрсету саласына қатысты хабарландырулардың барлығы тікелей жарнама агенттіктерінде жүзеге асады. Халқымызда «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. Аталмыш агенттіктерде тіл мамандарының еңбек етуі екі талай. Ал қызметін немесе тауарын өтімдірек ету үшін кәсіп иелері оларға жүгінуге мәжбүр. Ал, осы тұрғыда басқарма тарапынан кәсіпкерлерге ұсынатын көмек түрлері бар ма?
— Иә, әрине. Мысалы, 2020 жылы «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы аясында Қарағанды қаласының тіл жанашырлары және еріктілері облыс орталығындағы 3 мыңға жуық нысанға ақпараттық-түсіндіру жүргізіп, 600-ден астам бизнес субьектілеріне жарнама мәтіндерін тегін аудару көмегін көрсетті.
Жоба аумағына биыл Теміртау қаласы да енгізіліп, жалпы саны 2 мың нысанды қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін жоба аясында Қарағанды қаласында — 815 нысан қамтылып, жедел желіге 335 аударма түсті. Теміртау қаласы бойынша 495 нысан қамтылып, жедел желіге 234 аударма түсті. 2022 жылы жоба аясына өзге этнос өкілдері көп шоғырланған аймақтардың бірі Саран қаласы да қамтылмақ.
Басқарма мен өңірлердегі осы салаға жауапты бөлімдер жанынан құрылған «Жедел желі» («Callcenter») қызметі арқылы 2020 жылы – 3303, 2021 жылдың басынан 4674 кәсіпкерге тегін аударма мен әдістемелік көмектер көрсетілді.
Биылғы жылы қолға алынған — «Жарнама жедел желісі» («JJJ») жобасының аясында 142 нысан қамтылды. Оның ішінде 18 жарнама агенттіктері, баспахана, полиграфиялық қызмет көрсетушілермен байланыс орнатылып, тиісті әдістемелік көмектер көрсетілді. 65 ұсыныс бойынша тегін аударма жасалды.
— Жарайсыздар, Гүлнарайым Хасенқызы! Енді тіл белсенділерінің ең бірінші көтеретін мәселесі – азаматтардың, оның ішінде өзге этнос өкілдерінің тіл білмеу жағдайына тоқталсақ. Әрине, бұл — сараптау мен талдауды қажет ететін өте ауқымды тақырып. Алайда, басқарма бұл мәселені түбегейлі шешу жолында қандай шаралар ұйымдастырады?
— Иә, орынды сұрақ. Бұл бағытта тиісті жұмыстар ұйымдастырылып, атқарылып келеді.
Жалпы облыстағы ересек тұрғындарды қазақ тіліне оқыту жұмыстары 6 оқыту орталықтары (1-жекеменшік) және 8 оқыту курстары негізінде ұйымдастырылуда. Былтырғы жылдан бері өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты тілдерді оқыту процесі негізінен онлайн режимде ұйымдастырылуда.
2021 жылы қазақ тіліне 2290 адамды оқыту жоспарланған, қазіргі таңда 1220 адам курспен қамтылған.
— Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдану, әсіресе құжат айналымының қазақ тілінде жүргізілу мәселесі үнемі сынға ұшырап жатады. Оқуға тартылатындардың басым бөлігі де осы қатардан деп ойлаймыз. Осы жайында толығырақ тарқатып айтып берсеңіз.
— Кейінгі 2 жылда қазақ тілін оқыту курстарына мемлекеттік қызметшілермен қатар халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың (Қазпошта, ХҚКО, банктер, медицина мекемелері, т.б.) және шағын-орта бизнес өкілдерін (жеке кәсіпкерлер, дүкендер, шаштараздар, сұлулық салондары, дәріханалар және т.б.) қамту қолға алынуда.
Облыс бойынша ұзақ мерзімді (3 ай) мемлекеттік тілде оқу курсына қамтылғандар: Халыққа қызмет көрсету салаларының қызметкерлері (ХҚКО, Қазпошта, Банк, Коммуналдық қызмет) мен ШОБ қызметкерлері (сатушы, шаштараз, дәріханашы т.б): 2020 жылы – 202, 2021 жылы – 180.
Биылғы жылы халыққа қызмет көрсету мен кәсіпкерлік салалары қызметкерлеріне арналған қысқа мерзімдік (1ай) курс әдістемесі даярланып, қала аудандар бойынша 329 адам қысқа мерзімді курспен қамтылды.
— Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Аружан АЛПЫСБАЙ