Құрғақ уәдемен он екі ай өтті

«Трилистник» тұрғынүй кешеніндегі №4 үйдің болашақ тұрғындарының тағаты таусылды. Сақалды құрылысты сарыла күткен салымшылар: «Әкімдік әрекетсіз, мердігер мәмілесіз», — деп өкпелі.

Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев 19 тамызда тікелей эфирге шығып, қала тұрғындарын толғандырған біраз мәселені қаузады. Трилистниктегі №4 үй тұрғындары тікелей эфирден кейін тағы тауымыз шағылды дейді. Қала әкімі өз мәлімдемесінде үйдің бұл жолы да межелі уақытта берілмейтінін жеткізді. «Нұрлы жер» бағдарламасының нұрына сеніп, баспаналы болуды аңсаған 192 салымшы жиған теңгесін осы төртінші үйге арнаған. Алайда уәделі мерзімді бір жыл күтіп берекелерінің қашқанын айтуда. Соңғы мерзім қыркүйек дегенге сеніп, балаларын Оңтүстік Шығыс ауданындағы мектептерге тіркеп қойған ата-аналар да бар. Бірнеше айлап пәтер жалдаған салымшылар, шығынымыз шаш етектен, шарасыз күйде қалдық, — дейді. Жыр болған бұл үйдің тұтынысқа берілер мерзімі жеті рет шегерілген.

Қараша 2020 жыл;

Желтоқсан 2020 жыл;

Наурыз 2021 жыл;

Мамыр 2021 жыл;

Шілде 2021 жыл;

Қыркүйек 2021 жыл;

Қараша 2021 жыл.

Соңғы мерзім қараша деген қала әкімі Ермағамбет Бөлекпаевтың өзі бұл үй мәселесі тым ұзап кеткенін жоққа шығармады.

— Иә, бұл үй құрылысы тым проблемалы болып кетті. Біз қолдан келгенше жеделдетіп жатырмыз. Осыған дейін болашақ тұрғындармен болған кездесуде мердігер тамыз, қыркүйек айында беріледі деген, болмады. Айтып өткеніміздей сот болып жатыр. Бірінші инстанция өтті, енді екінші инстанция шешімін күтіп отырмыз. Бірақ бұл қол қусырып отырмыз деген сөз емес. Қауқарсыз мердігерге көмек ретінде өзге м е р д і г е р л е р д і жұмылдырамыз. Бұл үшін қажетті келісімдер жасалды,-деді әкім.

2021 жылдың үш тоқсанында үш рет үміттендірген мердігер қарашада қарық қыларына жұрт сенімсіз. Өкінішінен өкпесі басым 192 салымшының бірі Жанғали Амантаев бұл баспана қоғамға деген көзқарасын өзгерткенін айтады.

— Облыс әкімі де, қала әкімі де уәделе берді. Соңғы ақшамызға үй жалдап, күйсіздің күйін кешіп жүрміз. Құрылысты қажетінше қадағалап жатқан ешкім жоқ. Осы жылдың аяғы дейді, бірақ олда белгісіз.

Табан ақы маңдай термен тапқан теңгесін осы баспанаға салған жұрт, келіп құрылысты қадағалаудан жалықпайды. Келген сайын қуанштарынан реніштері басым. Қазірдің өзінде үй пайдалануға берілмей жатып, жертөле суға толы. Ол аздай егеуқұйрықтар мекеніне айналған. Болашақ баспаналары бас қайғыларына айналған тұрғындар жағдайды желіге жүктеп, жанайқайларын жеткізді. Амалы таусылғандар өздерінше әрекет етіп, тәуелсіз заңгерге жүгініп, кеңес алуға көшкен. Тапсырыс беруші мен мердігер өзара соттасып әлек. Тұрғындар болса құрылыс бөлімі мен жергілікті атқарушы органның жуастығына қайран. Міндетіне мардымсыз жауапкершілік танытқан мердігерді неге жазаламайды? Теңгемізді берсек те неге біздер тентіреп жүрміз? Күнтізбеде сіздер уәде бермеген ай қалды ма? Жауабы жоқ бұл сұрақтар 192 салымшының ғана санасына салмақ салатындай. Шыныменде қарашада берілмесе, желтоқсанда жұрт жаңа қонысқа жайланбаса, күнтізбедегі он екі бітеді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH