Табиғатты қорғау
Қаламыздың Орталық саябағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиналғандарға табиғатты қорғау мәселесі таныстырылып, қызықты викториналар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
5 маусым Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні ретінде аталып өтеді. Биыл Қарағанды қаласындағы шараны ұйымдастырушы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы болды.
– Бүгін еріктілер корпусының ұйымы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шараны бастады. Біз соған қатысып отырмыз. Осы іс-шарада байқаулар өтеді, мәселен, сурет салу, өнерге көңіл бөлу жұмысы «экология» деп аталады. Және қоқыс сұрыптау, сондай-ақ флешмоб өткізу бағдарламасын жүргізуге атсалысып отыр, – дейді ерікті Сәния Амирова.
Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғатқа деген қамқорлық көзқарасын дамыту және ғаламшарымыздың экологиялық жағдайына жауапкершілікпен қарау. Өскелең ұрпақпен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді.
– Қарағанды облысының Табиғи ресурстар басқармасы Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні аясында осы шараны өткізіп отыр. Мұның басты мақсаты – табиғатты қорғау, аялау және табиғатқа жауапкершілікпен қарау сезімін ояту, – дейді шараны ұйымдастырушы Нұрдос Мұқашов.
Шара барысында түрлі интерактивті сабақ пен дәрістер өткізілді. Сахнадан концерттік бағдарлама қойылды. Ал балалар экологиялық ойындар мен квестерге қатысып, қалдық сұрыптауды үйренді және қоршаған ортаға үлес тигізу қажеттілігін түсінді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»