Көліктерді бақылау
Көліктер қатаң бақылауда. Жергілікті полиция қызметкерлері Транспорттық бақылау инспекциясымен бірлесіп жолаушы тасымалындағы қоғамдық көліктерді, такси қызметін тексеріп жүр. Акцияның мақсаты – заңсыз тасымалдауды болдырмау, адам өміріне қауіпті барынша азайту.
Полицейлер автовокзалдарға шығып, тасымалдаушылардың жолаушы тасымалдау құқығына лицензиясы бар-жоғын, автобустардың қайта жабдықталғанын, жүргізушілердің қосымша жолаушы алмағанын, аялдамадан тыс тоқтағанын, сондай-ақ еңбек және демалыс режимін сақтағанын тексереді. Өкінішке қарай, жүргізушінің шаршап ұйықтап жатқан жағдайлары орын алады.
Көліктік бақылау инспекциясы мен жергілікті полиция қызметінің бірлескен рейдтері Астанадағы тиісті комитеттер қол қойған Жол картасы шеңберінде өтеді. Және оларды 2027 жылға дейін өткізетін болады. Соңғы рейд барысында Қарағандыда 8 тұрақты және 6 тұрақты емес автобус, сондай-ақ 12 такси тасымалдаушысы тексерілді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жолаушыларды қалааралық және халықаралық бағыттарда автобустармен, шағын автобустармен, минивендермен заңсыз тасымалдау кезінде жолаушыларды отырғызу мен түсіру де қатаң тексеріледі. Қарағанды облысында барлығы 26 автобус паркі бар. Күн сайын желіге 228 маршруттық автобус шығарады. Осыған дейін тәртіп сақшылары 300-ге жуық заңбұзушылықты анықтаған болатын.
– «Жолаушы» деген жалпы атаумен автобус, такси және заңсыз тасымалдаушыларға қарсы іс-шара өткізіліп отыр. Автокөлік саласында қызмет етудің негізгі қағидаттары – адамдардың қауіпсіздігін, яғни олардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Жүк тасымалдау назарға алынады. Акция барысында тасымалдаушылардың заң бұзған әрекеттеріне қарсы шара қолданылды, – деді Көліктегі бақылау бөлімінің бас маманы Қуандық Тоқымов.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»