Қаржы пирамидалары

Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады? Қазақстан көлемінде «АФМ онлайн – 2024» іс-шарасы өтті. Ол қаржы пирамидалары мен әлеуметтік желілердегі заңбұзушылық сияқты мәселелерге арналды.

Мақсат Мұқанов – Қарағанды политехникалық университетінің 4-курс студенті. Студент «Киберқауіпсіздік» мамандығында оқиды. Мақсаттың айтуынша, алаяқтық пен жеңіл ақша табу мәселесі соңғы уақытта күшейіп келеді. Тәжірибесі мен біліміне қарамастан ол да бұрын бірнеше қаржылық пирамидаға алданып қала жаздаған.

– Биыл мен жоғары оқу орнын аяқтаймын. Мамандығым өзіме ұнайды. Қаржы пирамидалары студенттерді жиі алдайды. Тез қалталы болуға шақырады. Мені де көндіруге тырысты. Қатарластарымның арасында қаржы пирамидаларына алданғандар да бар, – дейді студент Мақсат Мұқанов.

4 маусым күні бүкіл ел аумағында қаржы пирамидасы және интернеттегі заңсыз қаржылық айналымға қарсы заңдар мен ұғымдарды түсіндіруге бағытталған профилактикалық конференция өтті. Іс-шараға онлайн режимде қатысу үшін еліміздің 35-ке жуық жетекші жоғары оқу орны қосылды. Іс-шараның ұйымдастырушылары мен бастамашылары ҚР Қаржы мониторингісі агенттігі болды. Оған ел қалаларының түрлі қызмет саласының министрлері, облыс әкімдіктерінің басшылығы, сондай-ақ белгілі медиатұлғалар шақырылды.

– Бүгінде бірнеше топ пайда болды, олар: лудомандар, есірткіге және қаржы пирамидасына тәуелді жандар. Қарағанды облысы бойынша қаржы пирамидаларының 3000-дай салымшысының құқығы қорғалған. Бұл – тек бізге өтініш жазып жүгінгендердің саны. Мұның бәрі адамдардың қаржылық сауаттылығы төмен екенін көрсетеді, – дейді Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Нұраби Төлеутай.

Бүгінгі таңда, Қаржы министрлігінің статистикасы бойынша, ел аумағында 700-ден астам блогер тіркелген, олардың жазылушылары 0,5 миллионнан асады. Қаржылық мониторинг жүргізілді және оның 160-тан астамы миллиард теңгеден астам табыстардағы алшақтықты анықтады. Бүгінгі таңда интернет-алаяқтыққа қарсы тұру үшін арнайы құрылым іске қосылды. Алаяқтыққа қарсы жүйелердің бірі банкинг арқылы онлайн несие алу кезінде адамды міндетті түрде бейнесәйкестендіру болды. Іс-шара соңында қатысқандарға қорытынды ретінде электронды сертификат берілді.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»