ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Зиялы қауым, қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастармен кездесті. Ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген ауқымды мәселелерінің орындалу барысын пысықтап, алдағы міндеттерді айқындады.
Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» туралы баса айтқан еді. Аталған үш тағанды ұлы ұғымдарға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев имамдармен өткен кездесуде тереңінен тоқталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақ бейнесін Әділетті Қазақстанмен толық байланыстырары анық. Біздің баршамыздың қалауымыз да – осы. Сондықтан Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыру маңызды. Болашақтан күтер үміт саналы ұрпақ тәрбиелеу екені анық.
Кездесу барысында өңірдегі белгілі қоғам белсенділері, мәдениет пен әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген жандар да сөз алды. Елде орын алып жатқан өзгерістер жайлы ойларын білдірді. Атап айтқанда, адам тағдыры, ана мен бала құқығын қорғау, жұмыспен қамтуға қатысты үлкен бастамалар айтылды. Әке тәрбиесін, абыз ақсақалдардың қоғамдағы рөлін арттыру жайы да сөз болды.
– Отбасын қолдау, дағдарыс орталықтары маңызды. Біз әр ауданда ашуды міндеттеп отырмыз. Психологиялық, заңгерлік көмек болады. Қызылорда облысының мамандарымен бірлесе тәжірибе алмасуға дайынбыз, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.
Жиын барысында Мемлекет басшысы міндеттеген нақты тапсырмалардың жүзеге асу барысы айрықша назарға алынды. Білімді ұрпақ қалыптастыруда тәрбиені балабақшадан дұрыс жолмен бастау, орта буынды еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасау және отбасын құратын жастарды үлкен өмірге даярлауға қатысты орталықтар ашу, ұлттық өнерге мемлекеттік қолдауды күшейту жайы да ортаға салынды. Ұлттық құрылтай мүшелері де сөз алып, нәтиже берген жұмыстарды атап өтті.
– Қазір некеге тұру тым оңайлап кетті. Егов порталы арқылы некеге тұра салады. Бір ай күтеді. Осы аралықта отбасы құндылықтарын үйрететін арнайы курс міндеттелу керек сияқты. Неке куәліктерін алғанша бір ай ішінде отбасы жайлы қанығуы тиіс. Ұлттық құрылтайдың арқасында отбасы саясаты жақсы жолға түсті деп ойлаймын, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Ләззат Қожахмет.
Президент кеңесшісі әрбір ұсынысты қағазға түртіп, барлығын назарға алып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Аймағымызға сапары барысында жастармен ашық диалог құрып, өңірдің орта буын белсенділері ой-пікірлерін бөлісті. Мәлік Отарбаев жастарға кез келген тығырықтан шығу үшін білімді, ізденімпаз болу қажетін атап өтті. Қарағандылық жастар ҚР Президенті кеңесшісінен толғандырған сауалдарына салмақты жауап алды.
– Біз жастармен көп мәселені көтердік. Президент кеңесшісі арқылы Президентке айтқан ұсыныстарымыз жетеді деген сенімдемін, – дейді Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Жәңгірова.
Кездесуде Мәлік Нұржанұлы қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, қоғамдық сананы дамыту, жастарды кітап оқуға ынталандыру бағытындағы ойын ортаға салды. Бірлікте болуға, Президент жүктеген міндеттерді барша ел болып бірлесе шешуге шақырды.
Түстен кейін ҚР Президентінің кеңесшісі имамдармен кездесті. Онда ол имамдар ұлттық әдебиетті зерделеп оқып, діни уағыздарды халыққа шұрайлы тілмен жеткізуі қажет екенін айтты. Мәлік Отарбаев ұлттық құндылық пен ішкі мәдениет, зайырлылық тақырыбында имамдармен ашық пікір алмасты. Келелі кездесуде Мәлік Нұржанұлы ішкі және қоғамдық мәдениетті көтерудің тетіктерін алға тартты. Президент кеңесшісі отбасы құндылығы, саналы ұрпақ тәрбиелеу және зайырлылық тақырыбында имамдармен ой бөлісті.
– Адамгершілікке, ізгілікке, имандылыққа шақырып, адаспауға, жаман жолға түспеуге, түрлі әдепсіз, мәдениетсіз жағдайға түспеуге сіздер үнемі үндеу жасап, халықтың жағдайына алаңдап отырасыздар. Сондықтан атқарып жатқан қызметтеріңіздің мәні шын мәнісінде өте зор, – деп атап өтті Мәлік Нұржанұлы.
Биылғы жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл бағытта аймағымыздағы имамдар бекітілген жоспарға сай игілікті шараларды қолға алды. Жаз мезгілінде мешіттерде жамағатпен жас ұрпаққа «Тұлғатану» және «Алаштану» сабақтары өткізіледі. Кездесуде ҚР Президентінің кеңесшісі имамдарға ұлттық әдебиетті оқып, уағызды жамағаттың жүрегіне жеткізіп айтуды меңзеді. Еркін форматтағы отырыста имамдар да спикерден көкейлеріндегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»