Көліктегі камера

Жедел жәрдем көліктеріне бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл туралы аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне шабуыл жасау оқиғасының қоғамды дүр сілкіндіргенінен кейін жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту жөнінде тапсырма берілгенін еске салды.


Санат Аманжоловтың Жедел жәрдем станциясында жүргізуші болғанына екі жылдан асты. Жақында оның көлігінің жан-жағына бақылау камералары орнатылды. Енді ол айналаның бәрін көре алады: камера алдыңғы әйнегіне, көліктің артқы жағына және салонына бағытталған, сонымен қатар камера жүргізушінің өзін де түсіріп тұрады.


– Камераларды баяғыдан күттік, неше түрлі жағдай орын алады. Мынау камера бізді бақыласа, келесісі жол жүру ережесін анықтайды. Артқы бөлікті түсіреді. Бейне тәулік бойы түсіріледі және сақталады, – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Санат Аманжолов.
Өткен жылы облысымызда шабуылдың ғана емес, сонымен бірге мүліктік залалдың да 46 жағдайы тіркелді. Бұл шаралар жедел жәрдем қызметінің қауіпсіздігін күшейтеді. Оның қызметкерлеріне қауіп төнген жағдайда, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын жақсартады.


– Қазіргі таңда Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен біздің автокөліктерге бейнебақылау камерасын орнату жобасы аяқталды. Қазіргі таңда қаладағы 80 автокөлікке бейнебақылау орнатылды. Оның бірінші мақсаты – жол ережесін сақтау. Екінші мақсаты – науқас пен пациенттердің қауіпсіздігі. Үшінші мақсаты – медицина қызметі көрсетіліп жатқан кезде, автокөлік ішін бақылау. Биыл және былтыр бірнеше автокөлікке қатысты заңбұзушылық болды, терезелерін сындырып, тіпті қызметкерлерімізді ұрып кеткен кездер де болған, – дейді Қарағанды облысы Жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Серік Орынбасаров.


Бейнебақылау жүйесі Жедел басқару орталығына және жедел жәрдем диспетчерлік қызметіне қосылған. Мұндай камералар облысымыздың қалалары мен аудандарындағы барлық 80 көлікке орнатылады. Көліктердің жартысы жабдықталған. Қалғандарына ай соңына дейін орнатылады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін кетіп бара жатқан адам соққыға жыққан болатын. Аты шулы оқиғадан кейін билік Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін жақсарту бағытында іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»