Жаны саудың тәні сау
Қарағандылықтар тегін спорттық жаттығуларға қатыса алады. Қалада «Спорт – әр аулаға» жобасы жалғасып жатыр. Балалар мен ересектер үшін жаз бойы үй жанында тегін жаттығулар ұйымдастырылады.
Қала бойынша Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандарда 36 алаң анықталды: аулалар, гүлзарлар, саябақтар. Жаттығуларды кәсіби жаттықтырушылар мен нұсқаушылар жүргізеді. Барлық қажетті құрал-жабдық бар.
Таңертең фитнес жаттығулары, йога, зумба, скандинавиялық серуендеу жоспарланған. Кешке әр түрлі спорт түрінен турнирлер ұйымдастырылмақ.
Жаттығулар барлық жастағы адамдарға қолжетімді және айналысуға ыңғайлы уақытта өтеді.
Жоба аясында өткен жексенбіде (2 маусым) қаламыздың Орталық саябағында тегін zumba жаттығулары басталды.
– Зумба фитнес кез келген жастағы адамдарға арналған, бүгін балалар да, әйелдер де, қыздар да, ерлер де болды. Үшінші жыл жазда Орталық саябақта апта сайын ашық ауада жаттығу ұйымдастырып келеміз. «Спорт – әр аулаға» жобасы аясында екінші жыл өткізіп жатырмыз. Мақсат – халқымызды сауықтыру, оларды жігер мен позитивтілікке қуаттау. Орта есеппен 30 немесе одан да көп адам келеді, бұрыннан келетіндер де бар. Жаттығу жаз бойы болады, егер ауа райы мүмкіндік берсе, қыркүйек айында да жалғасады, – дейді Қарағандыдағы Zumba фитнес бағдарламасының лицензияланған нұсқаушысы Дана Санаубаева.
Зумба – латынамерикалық ырғақтарға негізделген фитнес би бағдарламасы. Басты артықшылығы – жынысына, жасына, салмағына немесе би және фитнестегі тәжірибесіне қарамастан кез келген адам айналыса береді.
– Қарағандыға бірінші рет келіп тұрмын. Қыздарды үнемі бақылап отырамын, олардың өте керемет Zumba қауымдастығы, командасы бар. Нұсқаушы ретінде ашық аспан астындағы тегін жаттығуларды өз қаламда ұйымдастыру – менің арманым, сондықтан бүгін оның қалай өткенін келіп көргеніме өте қуаныштымын. Мұндай жобалар әр қалаға қажет. Біріншіден – спорт, екіншіден – позитив сыйлайтын, жағымды эмоцияларға негізделген Zumba фитнес бағдарламасы. Бұл жарқын, көңілді, адамға күні бойы қуат береді, – дейді өскемендік қонақ, Zumba фитнес нұсқаушысы Мария Данильченко.
Жаттығу әр жексенбі сайын сағат 11:00-де Қарағанды қаласының Орталық саябағындағы бас сахна жанында өтеді. Өзіңізбен ешқандай жабдық әкелудің қажеті жоқ, тек міндетті түрде су мен баскиім алғаныңыз жөн.
Кесте, спорт түрі және аулалар тізімін мына жерден жүктеп алуға болады: https://cloud.mail.ru/public/AW6w/wkPRPiDWu.
«Шахтер» стадионының әлеуметтік желісінде де толық ақпарат келтірілген: @stadionshakhter.
Анықтама телефондары: (8-7212) 42-57-85, +7 702 589 52 53, +7 707 752 95 85 (Whatsapp).
«Спорт – әр аулаға» жобасын үшінші жыл қатарынан Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шахтер» стадионы жүзеге асыруда.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»