Қылмыстық топ ұсталды
Тәртіп сақшылары «Qarmet» АҚ нысандарында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Полиция ақпаратынша, жедел уәкілдер металлургиялық компания нысандарында ұрлықпен айналысқан және басқа да ауыр қылмыстарға, соның ішінде зауыт қызметкерлеріне қатысты қылмысқа қатысы бар бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Өткен жылдың наурыз айында басшысын қоса алғанда 40 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, қылмыстық әрекеттерінің негізгі бағыты «Qarmet» АҚ-дан металл бұйымдарын ұрлау болған. 2023 жылдың тамыз айында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды, олар аймақтағы қылмыстық ахуалға және компанияның қызметіне нұқсан келтірген.
– Қылмыстық істерді тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Қарағанды облысында миллиондаған долларлық ұрлық, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша айғақтар жиналды, тергеу амалдары аяқталды, зерттеп сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қарағанды облысының Абай ауданында «Qarmet» кеншілерін бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Ағымдағы жылдың сәуір айында Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі аса ірі көлемде қаржы жымқыру жөнінде қылмыстық кесте құрған топ мүшелерін құрықтады.
– Қылмыстық кесте бақылаудағы мердігерлік және күзет ұйымдары арқылы жоқ тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткізуді қамтыды. Келтірілген шығын 1,5 миллиард теңгеден асады. Ұстау және тінту жұмыстары бір мезгілде Қарағанды, Теміртау және Алматы қалаларында жүргізілді, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
– Заң бұзушылар қамауға алынды. Жалпы, биыл Теміртауда полицейлер үш «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп үлгерді. Онда бұрын жасалған 23 қылмыстың беті ашылы, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды, 3,7 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
– Барлық атқарылған жұмыстың нәтижесінде полицейлер «Qarmet» АҚ кәсіпорнындағы ұрлық фактілерін 46 пайызға азайтуға қол жеткізгені маңызды болды. Қала құраушы кәсіпорындарда ұрлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру ерекше бақылауда, – деп атап өтті ІІМ өкілі.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»