ҚОШ КЕЛДІҢ, СҮЙІКТІ «ӘЛІППЕ!»

Білім әлеміне енді қадам басатын бүлдіршіндер биыл «Әліппемен» қауышады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Әліппе» мектеп бағдарламасынан алынып, орнына «Сауат ашу» оқулықтары енгізілген еді. Қоғамның қызу талқысынан кейін тарихи қателік түзелді. Салалық министрлік Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне сүйене отырып, әліпбидің жаңа нұсқасын дайындады.

Бір анығы, «жаңа оқулық Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан оқулығының түпнегізінде жасалған» дейді мамандар. Онда ұлт ұстазының кітабында ұстанған дыбыстық әдіс идеясы бар. Қазақы үннің түп-тамырынан ажырамаған жаңа әліппедегі әріптердің орналасуы оңайдан қиынға бағытталған. Енді балалар сөйлем құрауды оңай игеріп алады.

«Қазақ әлдеқашан тілде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуға тағы жақсы». Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осылай деген. Мектеп бағдарламасына қайта енген әліппенің ерекшелігі – балаға білім нәрін ұлттық құндылықтар арқылы сусындату.

Жаңартылған әліппеде заманауи технология да ескерілді. Оқулықтың әр бетінде QR-код бар. Оны сканерлеп, аудиожазбалар тыңдауға мүмкіндік бар. Тіпті тапсырмалар да жалпылама берілмейді. Оқушыға қосымша ретінде арнайы диск ұсынылады.

Жаңа оқулықтағы әріптердің реті өзгерген. Алғашқы «А» әрпінен кейін кезек бұрынғыдай «Б»-ға емес, «Р» әрпіне тиеді. Ахмет Байтұрсынұлы балаға әуелі «АР» сөзін үйрету маңызды деген.

Білім беру саласындағы осы және өзге де жаңалықтармен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова онлайн-брифингте бөлісті.

Биылғы оқу жылында жаңалық айтарлықтай көп. Сабақтың ұзақтығы қайтадан 45 минутқа созылады. Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» жүйесіне қосылған. Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда оқу орындары қызметкерлерінің 90 %-дан астамы вакцинацияланған. Ал, мектепке дейінгі ұйымдар өткен жылдағыдай кезекші топтар негізінде жұмыс істейтін болады. Бүгінгі күні облыста 533 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде, 275 шағын орталық пен 258 балабақшада 1786 кезекші топ жұмыс істейді. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде балабақшалар толық жобалық қуатпен іске кірістеін болады.

Қыркүйек айынан бастап облыста 409 мектепте 209 мың оқушы дәстүрлі форматта білім алады. Оның 20 812-сі – бірінші сынып оқушылары. Оқу процесі штаттық форматта ұйымдастырылады. Білім алушыларға мектеп формасы міндеттелмейді. Классикалық және іскерлік стильдегі киімге рұқсат етіледі. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттері де дәстүрлі оқу форматына қайта оралады.

Биылдан бастап 5-8 сынып оқушылары үшін таңдауы бойынша «Парасаттылық және этика», «Экология», «Эмоциялық ақыл-ой және сыни ойлау», «Медиасауаттылық» курстары оқу жоспарына қосылады. Ал, қазақ тілінде оқытатын мектептердің 6-сынып оқушыларына музыка сабағында домбыра тарту үйретілетін болады.