Сақтансаң – сақтайды
Жаз маусымы – кенелердің ең қауіпті түрлері таралатын кезең. Осыған байланысты Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының тіркелу кезінде қандай әдіс, ем-дом қолдану керек екені жайлы оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді.
№1 емхана базасында «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдіктіні анықтау барысында медициналық қызметкерлер іс-әрекетінің алгоритмін меңгеру» тақырыбында оқу-жаттығу шарасы өткізілді. Елімізде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы – Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары. Бұл вирустық инфекцияның қаупі өте жоғары: безгек, жалпы улану белгілерімен және өліммен сипатталады. Инфекцияның көзі – ауру адам немесе ауру тасымалдайтын жәндік. Инфекция тасымалдайтын – қансорғыш кенелер. Ауру – кене шаққанда немесе мал сою, тазарту, жануарлардың жүнін қырқу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан жұғады. Бұл инфекция көбінесе күн жыли бастағанда, яғни көктем-жаз айларында тіркеледі.
– №1 емхана базасында емхананың медициналық қызметкерлері тарапынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын анықтау, соған қарсы диагностикалық және эпидемиялық қарсы шаралар жүргізу үшін білім арттыру мақсатында бүгінгі оқу-жаттығу шарасы өткізілді. Ауруды анықтау және қандай іс-шара өткізілуі тиіс екені пысықталды. Сырқат Қарағанды облысында тіркелмеген. Миграцияның артуына байланысты, ауру – кене арқылы таралатын болған соң, арнайы шаралар өткізілуде, – дейді Қазыбек би атындағы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Жанар Беркімбаева.
Аурудың инкубациялық кезеңі кене шаққанда 1-3 күн. Қанмен немесе тіндермен байланыста болса – 5-6 күндей болады. Науқаста жоғары температура, әлсіздік, диффузды миалгия, жарыққа қарай алмау, ашуланшақтық, бастың қатты ауыруы, аяқ-қол мен арқадағы ауырсынулар байқалады. Оқу-жаттығу барысында сырқат адамға қажетті көмек көрсетіліп, санитарлық дәрігерлер мен мамандар ол жүріп өткен жерлерде дезинфекция жасады. Дәрігерлер кене шаққанға бейжай қарамауды, одан барынша қорғануды сұрайды.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»