Өрт қауіпсіздігі

Сіріңке жағу – балаларға ойыншық емес! Жазғы демалыс уақытында балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру маңызды. Оқушылар сарайында жеткіншектерге қызықты әрі танымдық бағытта іс-шара өтті.

Жаз маусымында емін-еркін жүретін балалар кей кезде жеке бас қауіпсіздігін сақтамау салдарынан келеңсіз оқиғаларға тап болып жатады. Сондықтан ойын баласының жазда абай болуды ұмытпағаны жөн. Әсіресе өрт қауіпсіздігі ережесін бек ұстанған маңызды. Оттан келер қауіп-қатер жиында балаларға қызықты көрініс арқылы жеткізілді. Көңіл көтеру арқылы оқыту жеткіншектің қабылдауына жақсы. «Абайлаңыз – өрт» театрландырылған көрінісі ұсынылды. Балаға сақтық шараларын үйретуге негізделген көрініске мәдениет колледжінің студенттері қатысты. Және қойылым қарағандылық жазушы Наталья Инжевская кітабының элементтері негізінде ұсынылды. Ертегі кейіпкері Алинка «балалар қауіпсіздік ережелерін біле ме?» деген сауал арқылы үйретті.

– Балаларға қауіпсіздік шартын әдеттегідей нұсқаулық, жадынама негізінде түсіндіру аздық етеді. Балаға қажет ақпаратты жалаң сөзбен емес, ертегі көрінісі арқылы жеткізген нәтижелі. Біз кітаптағы Алинка есімді кейіпкер әрекеті арқылы өрт қаупі жайында ұғындырудамыз. Осындай танымдық іс-шаралар әлі де жалғасады. Бұл біздің тапсырыспен ұсынылып отыр. Жазғы демалыс кезінде де балалармен осылай үйдегі өрт қауіпсіздігі, даладағы қауіпсіздік жайында түсіндірме ойын көріністерін өткізу жоспарда бар, – дейді Қарағанды облысының балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Ирина Киселева.

«Сақтансаң – сақтайды» демекші, әр адам бұл ретте аңғал балаларымыз үйде де, түзде де, қоғамдық орындарда да қандай қауіп-қатер кедергі болып қалуы мүмкін екенінен хабардар болғаны абзал. Ал осынау танымдық көріністе балақайларымыз ертегі әлеміне еніп, ойынға қатысып, қауіпсіздік бағытындағы қажетті ақпаратқа зейін қоюда. Оқушылар өрт қаупі жайында білетіндерін айтты. Қалай дегенмен, балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажетін еске салу маңызды. Бұл ретте ата-аналар да баласына сақтық шараларын үйретуді ұдайы есте ұстаса.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»