«Қарағанды көктемі»
«Қарағанды көктемі» республикалық поэзия фестивалі қаламызда биыл осымен екінші рет өткізілді. Оған Қазақстан мен таяу шетелдердің белгілі ақын-жазушылары шақырылды. Жыр жәрмеңкесі Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына арналды. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы мұрындық болды.
Достық үйінде поэзия фестивалінің ашылу салтанаты өтті, кейін ол С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында жалғасты. Іс-шара шымылдығы ашылғаннан кейін, дөңгелек үстел барысында талқылау өткізілді. Екі күн бойы фестиваль қатысушылары кеншілер астанасының мәдени өмірімен танысып, шығармашылық индустриядағы жазушылардың рөлі және зияткерлік еңбекті қалай тиімді сату сияқты маңызды тақырыптарды талқылады. Сондай-ақ фестиваль аясында қатысушылар Қарағанды тау-кен индустриалды колледжінің мұражай-шахтасына түсті. Фестивальға Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Оңайгүл Тұржан, Сұраған Рахмет, Қасымхан Бегман, Светқали Нұржан, Гүлнар Салықбай, Жанат Әскербекқызы, Маралтай Райымбек және елге танымал басқа да ақындар арнайы келді.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы биылғы мерейтой иесі болған ақын Ұлықбек Есдәулет, Гүлнар Салықбай, Маралтай Райымбек және Дәурен Берікқажыұлына Қарағанды облысы әкімінің құттықтаухатын табыстады.
Жыр кешін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы түйіндеп, мәртебелі меймандардың иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
– Фестиваль алғаш рет былтыр ұйымдастырылды. Содан кейін оған Әзербайжан, Түркиядан танымал ақындар қатысты. Биылғы фестиваль ауқымды деңгейде өткізілуде, бұл – ақындар мен жазушылар, талантты жастар үшін тамаша алаң, онда біз заманауи поэзия мен әдебиеттің жаңа бағыттарын талқылай аламыз, жас авторлардың әлеуметтік мәселелерін көтере аламыз. Жастар шығармашылығын қолдау және оған жаңа серпін беру деп санаймыз, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»