Егістікке дайындық қызу

Биыл аймағымызда көктемгі егіс алқабы 1 миллион 100 мың гектарды құрайды. Қарағанды облысында 15 мамырда жаппай егіс науқаны басталды. Көктемгі дала жұмыстарына даярлық барысы Ермағамбет Бөлекбаев төрағалығымен өткен алқалы жиында пысықталды.

Бұл күнде көктемгі егістікке қажетті 107 мың тоннадан астам дәнді дақыл даяр, 36 мың тонна картоп қоры да бар. Бұл – биылғы маусымға қажетті өнімнің ауқымды бөлігі. Қалған тұқымды басқа өңірлерден сатып алу арқылы және импорт есебінен толықтыру көзделген.

– Биыл көктемгі егіс алқабы 1 миллион 100 мың гектарды құрайды деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде дәнді дақылдар 966 мың 300 гектар. Дәнді бұршақты дақылдар 13 мың гектар. Майлы дақылдар 31 мың гектар, азықтық (мал азығы) дақылдар 77 мың гектар алқапқа себілсе, картоп 11 500 гектарға, көкөніс 1 200 гектар алқапқа егіледі, – деп тоқталып өтті Қарағанды облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Ауылшаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, биыл 72 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдалану жоспарлануда. Яғни ауылшаруашылық алқаптарының 48 пайызы тыңайтқышпен байытылады. Мәселен, Осакаровка ауданында минералды тыңайтқыш қосылған егіс алқабын 320 мың гектарға дейін кеңейтпек. Осы мақсатта қазірдің өзінде 12 мың тоннаға жуық тыңайтқыш сатып алуға 109 келісімшарт жасалған. Қарағанды облысында жаппай егіс науқаны 15 мамырда басталды. Дегенмен Абай ауданы бүгінгі таңда егістік жұмыстарын бірінші болып бастап кеткен.

– Бүгінгі күні ауданымызда егістік науқаны басталды. Дәнді дақылдар егілді. Картоп 43 гектар, көкөніс 25 гектар жерге отырғызылды. Жанар-жағармай, техника, тұқым жөнінде проблемалық сұрақ жоқ, – дейді Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов.

Cайып келгенде, аймағымызда 4 мыңнан астам сепкіш және 2 482 топырақ өңдеу агрегаты және 254 егіс кешені жұмысқа дайын. Жылдағы үрдіспен жанар-жағармай да арзандатылған бағада ұсынылуда. Бүгінгі таңда 8 100 тонна жанармай алуға 233 шаруашылықпен шарт жасалған. 3 800 тонна немесе 47 пайыз жанар-жағармайды тасып алған. Көктемгі дала жұмыстарын облысымызда 25 мамырда аяқтау жоспарланған.

– Ауылшаруашылық басқармасы, аудан әкімдері егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізсін. Минералды тыңайтқыш уақытылы сатылып алынуы тиіс. Сапаны анықтау үшін тұқымды уақытылы тапсыруды бақылауда ұстасын. Ауылшаруашылық техника егіс науқанына дайын болуы тиіс және арзандатылған дизель отынын тасып алу қажет, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»