Экологиялық акция
«Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында Бұқпа өзенінің жағалауынан 150 қап қоқыс шығарылды.
Экология департаменті ұйымдастырған экологиялық акцияға Жастар басқармасының еріктілері, ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары атсалысты. Табиғат жанашырлары топ-топқа бөлініп Бұқпа өзенінің айналасын тазалады.
– «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында Қарағанды қаласында сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қоршаған ортаны тазартқанда, басқасын былай қойғанда, су жағасынан күл-қоқыс жиналған. Болашақ ұрпаққа таза табиғат әлемін қалдырамыз десек, әркім өз ісіне салғырт қарамасын, – дейді республикалық акцияға қатысқандар.
«Тазалық өзімізден басталады» ұранымен белсенділік танытқан азаматтар қаладағы өзен жағасы мен демалыс орындарында жұмыс жүргізуде. Шараны ұйымдастырушылар экочеллендж арқылы қоршаған ортаға бейжай қарамауға шақырады. Сондай-ақ өскелең ұрпақты тазалыққа, тәртіпке үйретеді. Қаланы көркейтуге бағытталған акция алдағы таңда әлі де жалғасатын болады.
Қарағанды облысы Экология департаментінің ақпараты негізінде