Заңсыз қару тапсырылады
Тұрғындардан заңсыз сақталған қаруларды сатып алу акциясы басталды. Өткен жылдары осындай науқан барысында Қарағанды облысы тұрғындары сирек кездесетін қару-жарақтарды өз еркімен тапсырған болатын. Биыл да тапанша, мылтық және басқа да қару түрін полицияға өткізген азаматтарға сыйақы беру қарастырылған.
Үйде заңсыз сақталып тұрған қару-жарақты, оқ-дәрілерді ішкі істер органына тапсыру акциясы жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің диалог алаңында өткен брифингіде айтылды. Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың қару тапсыру акциясы Қазақстанда 2008 жылдан бері өткізілуде. Қарағанды облысында тұрғындардан заңсыз сақталған қару сатып алу шарасы биыл 22 сәуірде басталды. Тапсырылған қару үшін 1-ден 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде сыйақы белгіленген. Қару-жарақ, оқ-дәріні заңсыз қолдану, олардың айналымын шектеу мәселесі жалпы республикамызда, біздің облысымызда да өзекті. Қару қолданып өзгені жарақаттау қылмысы арагідік біздің өңірде де тіркеліп отырады. Қарумен жасалған барлық қылмыс жайлы статистикаға қарағанда, ондай қарудың заңды түрде тіркелмегені, яғни заңсыз айналымдағы қару екені нақтыланып отыр. Және жұртшылық ескерер мәселе – тіркелмеген қаруды қолданатындар қатары аз емес.
– Акцияның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу. Бұған дейін осындай акциялар өткізу кезінде Қарағанды облысының азаматтары қарудың сирек кездесетін түрлерін тапсырған. Атап айтқанда: Ивашенцев жүйесінен үш ұңғылы мылтық және 1891 жылы шығарылған револьвер наган, Ұлы Отан соғысы жылдарында қолданылған автомат ППША. Мысалы, жыл басынан бері Қарағанды облысында заңсыз айналымнан 52 дана қару алынды. 2023 жылы 137 дана қару тәркіленді. Оның ішінде 5 қару 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында аңшылық дүкеннен ұрланған болатын. Заңсыз сақталған атыс қаруын ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азаматтар кез келген қалалық және аудандық полиция органдарына өтініш бере алады. Тексеру жүргізілгеннен кейін, тапсырылған әрбір қару үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы бөлінеді. Заңсыз сақталған қаруын өз еркімен тапсырған азамат әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, – дейді Облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің басшысы Жахат Есжанов.
Былтыр облысымызда осы акцияны өткізуге республикалық қазынадан 5 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатты қару тапсырушыларға сыйақы түрінде ұсынып, тұрғындардан 66 дана қару алынған. Полиция өкілдерінің мәліметінше, кейіннен бұл қарулар түгелдей жойылған. Аталмыш акция барысында қаруын полицияға өткізген тұрғындар өтеуіне ақша алады.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»