Жошы Ұлысына 800 жыл

2024 жылғы 15 наурызда өткен үшінші құрылтайда ҚР Президенті атап өткендей: «Алты ғасыр бойы жошылықтар Орталық Еуразия тағдырында шешуші рөл атқарды, кең аумақта біртұтас өркениеттік қауымдастық құруға ұмтылды. Жошы Ұлысы Рим Империясы сияқты, Ұлы Дала мемлекеттері мен халықтары үшін көптеген ғасыр бойы даму стандарттарын белгілеп, мемлекеттік басқаруды сапалы жаңа деңгейге көтерді. Әлемнің Алтын Орданы қабылдауы, Қазақстанмен тығыз байланыста болуы өте маңызды».

Осыған орай сәуір айының соңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай «Жошы Ұлысына 800 жыл: уақыт пен кеңістік» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында ҚР аумағындағы Алтын Орда кезеңінің археологиялық және сәулет ескерткіштерін зерттеу мәселелері қозғалды. Дөңгелек үстел жұмысына археологтер, өлкетанушылар, Астана қаласы мен Ақмола облысының Алтын Орда кезеңін зерделеу жөніндегі мамандары, сондай-ақ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысқандар мен студенттерге Алтын Орда кезеңінің жарқын археологиялық ескерткіштері көрсетілді. Бұл – Орталық Қазақстан аумағын Алтын Орда үшін маңызды стратегиялық орталық деп санау қажет екенін дәлелдейді. Бұл мәлімдеме осы кезеңдегі көптеген ескерткішпен расталады: Хан ордасы, Жошы Ордасы қалашықтары; Жошы хан, Алаша хан, Аяққамыр, Болған Ана, Белең Ана, Құлан Ана, Келінтам, Талмас Ата кесенелері және т.б.

– Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы іс-шарада кең ауқымды зерттеулер қолға алынуға тиіс деп ойлаймын. Президент назар аударып отырған Жошы Ұлысы өз дәуірінде Алтайдан Дунайға дейінгі аймақты алып жатқан дүниежүзі тарихына, әлемдік өркениетке өз таңбасын қалдырған ортағасырлық империялардың бірі болды. Бұл – ұлтымыздың халықаралық деңгейде гүлденген кезеңі. Мұны жас ұрпақ білуі тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музей басшысының орынбасары Гүлдана Бейсенғалиева.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»