Мүсірепов театры Қарағандыда

Қарағанды қаласына Ғабит Мүсірепов атындағы театр келді. Жылдағы үрдіске орай әртістер аймақтарға іссапарын бастаған. Биылғы қойылымның алғашқы шымылдығы Қарағанды тұрғындарына көрсетілді. Театр саңлақтары кеншілер шаһарының тұрғындарын қуантуға тырысты.

Қарағанды жеріне табан тіреген әртістер Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», сондай-ақ Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» қойылымдарын театрсүйер қауым назарына ұсынды. Сонымен қатар кішкентай көрермендер де назардан тыс қалмаған. Бүлдіршіндерге арналып «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісі қойылды.

– Қазіргі таңда театрға жастар жиірек келеді. Қойылымдарға жастар екі ай бұрын билет алып жатады. Халықтың қабылдауы ұнады, Қарағанды жұртшылығы өте қонақжай. Күз мезгілінде Шығыс Қазақстан облысына іссапарлау жоспарымызда бар, – дейді Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әртісі Әсет Иманғалиұлы.

Қашан да театрды өнер төресі санаған Қарағанды жұртшылығы Ғ.Мүсірепов театрын құшақ жая қарсы алды. Көрермен қауым ыстық ықыласын толассыз қошеметпен білдірді. Қарағандыдан шыққан өнер саңлақтары әрі қарай Көкшетау, Астана тұрғындарын қуантпақ.

АЙДЫН ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»