АДАЛ ЕҢБЕККЕ – АҚЖАРМА АЛҒЫС

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атауымен ХХХІІІ сессиясы өткен еді. Ұйымға мүше 748 адамның 725-сі онлайн форматта қатысты. Мемлекет басшысы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуал кезінде шағын құрамда өткізуді құп көрген болатын. Жиында су басқан өңірлерге ассамблеяның көрсетіп жатқан өлшеусіз еңбегіне, аталған құрылымның ел бірлігі, қоғамдық келісім, бірлік пен ынтымақтастық сияқты басты құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі кеңінен айтылды.

Еліміздегі этномәдени орталықтар ауыр сынақ келгенде ортақ істен шет қалмай, 800 млн теңгеге жуық жылу жинаған екен. Мемлекет басшысы ХХХІІІ сессияда әуелгі сөзін осы алапат тасқыннан бастап, оны еңсеруге, қираған инфрақұрылым мен бүлінген үй-жайларды қалпына келтіру, зардап шеккен азаматтарды қалыпты өмірге қайтару үшін ешкім аянып қалмайтынын айтты. Сындарлы сәттерде қиындыққа кез болған елдің қайтпас қайсарлығы мен халықтың ауызбіршілігін айрықша атады. Ассамблеядағы ағайынның тасқын басталғалы ел ішінен табылып, топан суға қарсы күрестің алғы шебінде болғаны үшін алғыс білдірді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді. Ассамблея – кей адам айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым.

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін еліміздегі этномәдени орталықтар өкілдерін марапаттады. Солардың сапында «Ассамблея жастары» ұйымының аймақтағы басшысы Александр Урмашов бар. Президент Александрға қоғамдағы баға жетпес бірлік пен келелі келісімді сақтап, волонтерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді. Мақсаты айқын жігерлі жас Президенттің қолынан марапат алған мерейлі сәтте тұла бойын толқыныс пен бұла бұлқыныс билегенін жасырмады.

Мемлекет басшысының алғысын баршамызға айтылған алғыс деп қабылдадым. Бұл – ортақ жұмыстың нәтижесі. Алғысхатпен бірге барыс белгішесін иелену – бәріне бірдей бұйыра бермейтіні бақыт. Бұл марапатты еңбекпен айналысатын барлық Қазақстан халқы ассамблеясы еріктілеріне айтылған алғыс деп пайымдадым. Олар бүгінде көптеген әлеуметтік жобаға белсенді атсалысып жүр. Айталық, «Жүректен – жүрекке» акциясына әр түрлі жастағы адамдардан тұратын облыс ассамблеясының 12 мыңнан астам еріктісі жиналды. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Ендігі кезекте су тасқынынан кейін жағдайы күрделенген құрылыстарды, мүлікті қалпына келтіріп, тұрғындарға үйлеріне оралуға көмектесу керек. Алдағы бес айда барлығына үлгеру міндеті тұр. Осы мақсатқа жету үшін бізге бірігу керек, дейді Александр Урмашов.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Мемлекет басшысы қатысқан сессиясы Александр Урмашовтың бірінші сапары емес. «Ассамблея жастары» ұйымы басшысының жыл сайын өтетін сессияларға белсенді қатысып, аймақ жастарының абыройын асқақтатып жүргені әмбеге аян. Халықтар бірлігін нығайтуға қатысты мәселелерде белсенділік танытатын Александр биылғы сессияда ассамблея бұрынғыдан да өзекті өзгерістерді жалғастыру жолында Достық үйлерін руханият орталығына, ұлы достық бесігіне айналдыру мәселесі сөз болғанын тілге тиек етті. Президент ассамблеяның волонтерлік қызметі, «Жүректен – жүрекке», «Қайырымдылық керуені» секілді акцияларын да ерекше екшеледі. Сонымен қатар ел Президенті Александр секілді ұстанымы ұтқыр азаматтардың жұмысына дән риза екенін де баса айтты. Ал Мемлекет басшысының алғысы секілді мәртебелі марапаттардың барлығы оған этносаралық қатынастарды, қоғамдағы бірлікті сақтауға және ҚХА жастар қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін берілгені анық ақиқат. Осыған дейін белсенді жігіт ашық пікірталасқа айналған жиындарда өзіндік пікірімен көптің көзіне түскен.

– Талай жыл бұрын сессияларды өткізу форматы өзгерді. Өзекті сұрақтар талданып-таразыланды. Осы бағыттарға жауапты орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен панельдік пікірталас форматында өткізу қолға алынды. Осы жылғы тасқынға байланысты сессия форматы өзгерді. Нақты айтқанда, офлайн және онлайн форматқа ауыстырылды.

Қайырлы шаралардан Александр қалыс қалмайды. Игілікті істерге үнемі ұйытқы болып, қысылтаяң шақта халыққа қол ұшын созуды азаматтық парызы санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккендердің өтемақы алатыны жайлы сөздері ерекше есте қалды. Оларды қиын жағдайда қалдырмау маңызды. Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары, Арқалықта болып, мәселенің аса ауқымды екенін көріп, зардап шеккендермен тілдестім. Бұл туралы баяндамамда атап айттым. Ол жақта гуманитарлық көмек қабылдап, эвакопункттерге арнайы бардық. Еріктілер жұмыла жұмыс істеді. Қазақстандықтардың гуманитарлық көмек жинап солтүстікке жібергенін көзбен көрдік. Ел үшін атқарылған ауқымды жұмыстардың парқын байқағанда бірлігіміздің бекем екенін анық байқадым, деді белсенді азамат.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»