Бір тал кессең – он тал ек
Қарағандыда Майқұдық саябағына 1 100 жас ағаш егілді. Мұнда енді алма, шетен, мамыргүл, мойыл, қараған, қарағай, терек, ұсақ жапырақты қараағаш өсетін болады.
Демалыс орнын абаттандыруға жергілікті тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Ағаш егуге Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев та қосылды.
– Президенттің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бұл – бір күндік акция емес, ұзақ мерзімге созылмақ. Облысымыздың тұрғындары аумақтарды тазалауға, көгалдандыруға белсенді қатысып жатыр. Аймақтың барлық ауданы мен қалаларында ағаш егіліп жатыр. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Тек Қарағандыда ғана 90 мыңнан астам ағаш егіледі. Кирзавод ауданында орман алқабын қалпына келтіру жоспарланған. Белсенділік танытқандарыңыз үшін баршаңызға рақмет! – деп өңір басшысы тұрғындарға алғыс білдірді.
Бұқара бірігіп жасалып жастқан жұмысқа Әлихан Бөкейхан ауданы мектептерінің директорлары үлес қосты.
– Көктемнің басталуымен бізде қала мен облыс көлемінде әрдайым сенбіліктер өтеді. Біз де ол шаралардан шет қалмаймыз. Бүгін біз, директорлар корпусы, саябақта ағаш егеміз, ал ата-аналар қауымы, мұғалімдер мен оқушылар мектеп аумағын көгалдандырумен айналысып жатыр. Барлық ағаш тамыр жаяды, қала тұрғындарын қуантады деп үміттенеміз, – дейді №85 мектеп директоры Салтанат Тұрсынова.
Ересектермен бірге балалар да ағаш екті.
– Мен біздің саябақтың таза, жақсы әрі әдемі болғанын қалаймын. Ағаммен бірге келдім. Ересектерге көмектестім, көшет отырғызылған шұңқырға топырақ салып отырдым. Өзім бір ағаш ектім. Мен саябаққа жиі барып, оның қалай өсіп жатқанын бақылап отырамын, – дейді 7 жастағы Арсений Оберт.
Осы жылдың көктемінде Әлихан Бөкейхан ауданында 10 мыңнан астам түрлі ағаш егіледі.
Сонымен қатар дәл осы күні Қарағанды әуежайы ауданында пирамидалық 1000 терек егілді. Бұл – ағашқа аллергиясы бар адамдар үшін қауіпсіз саналады.
Акцияға 300-ден астам адам (әкімдік өкілдері, депутаттар, экологиялық қозғалыс еріктілері, ҚарУ студенттері, Қарағанды академиясының курсанттары және т.б.) қатысты.
Ағаш егу «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтті. Көшеттер бақылауға алынып, болашақта арнайы күтім жасалатын болады.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»