ҚЫТАЙЛЫҚ ЖАҢА ВАКЦИНА ҚАРАҒАНДЫҒА ЖЕТКІЗІЛДІ

Тамыз айының 17 күні Қарағанды облысына қытайлық Vero Cell екі компонентті вакцинасының 40 мың дозасы келіп түсті. Бұл көлем 20 мың тұрғынды иммундау үшін жеткілікті. Жаңа екпе түрі аймақтағы әр емханаға бөлінді, нақтырақ айтқанда облыс бойынша таратылады.

Санаулы күндер бұрын Қазақстанның бас санитарлық дәрігері халықты қытайлық жаңа Vero Cell препаратымен вакциналауға қатысты жаңа Қаулыға қол қойып, құжат Денсаулық сақтау министрлігі СЭБК ресми сайтында жарияланды. Облысқа бөлінген вакцинаның белгілі бір бөлігі (500 дозасы) қаламыздағы №1 емханаға берілді. Аталмыш емдік мекеменің профилактика бөлімінің меңгерушісі Раиса Бектемірованың айтуынша бұл вакцина әр екпе алушының бекітіліген емханасында ғана салынады екен. Осыған дейінгі вакциналар екпе алушының қалаған жерінде салынған. Бұл жолы ондай еркіндік болмайды. Негізінен бұл вакцина диспансерлік тізімде тұрған жандарға, егде жастағы, созылмалы сырқаты бар науқастарға, зейнет жасындағыларға бірінші кезекте салынады. Яғни, ағзасында қандайда бір көрсетілім, иммундық әлсіздігі бар адамдарға реакциясы жеңіл түрдегі вакцина.

Бұл вакцинаның тағы бір жағымды тұсы температура талғамайтындығы. Ол кәдімгі қарапайым мұздатқышта 2-8 градус аралығында сақтауға жарамды. Сәрсенбінің сәтті күнінде жаңа вакцина алғашқы ниеттілерге салына бастады. Бұл вакцина ашылған сәттен 15 минут аралығында егілуі тиіс. Бір құты екі адамға шақталған. Вакцина құрамын даярлауда озық технологиялық тәсіл таңдалған. Екпе құрамындағы вирустың антидене бөліп шығару қауқары сақталған. Бастысы екпе алушының ағзасына ауыр тимейді. Әрине мынадай қарсы көрсетілімдері бар: Вакцинаның кез келген компонентіне аллергиясы барлар, бақыланбайтын эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары барлар, сондай-ақ, анамнезінде Гийен-Барре синдромының болуы мүмкін жандар, жүктілік және лактация кезеңіндегілер, 18 жасқа дейін жас ерекшелігіндегілер босатылады,-дейді Раиса Бектемірова.

Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасы инактивті. Онда ауруды тудыруы мүмкін вирустың патогендік бөлігі өлтіріледі, бірақ сонымен бірге оның денеде қорғаныс антиденелерінің пайда болуын тудыратын қабілеті сақталады. Ол анағұрлым жеңілірек сезіледі. Бұл вакцинамен ең алдымен қауіп тобындағы адамдарды иммундау ұсынылады. Вакцина 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Vero Cell препаратының бір дозасы – 0,5 миллилитр. Вакцинаның екі дозасын (әрқайсысы 0,5 миллилитр) 3–4 апта аралығымен (21–28 күн) енгізу ұсынылады. Аралық нәтижелер COVID19-ға қарсы 79,3% тиімділікті және орташа және ауыр жағдайлардың алдын-алуда 100% тиімділікті көрсетеді.

Айта кету керек, Vero Cell ДДҰ-мен мақұлданған. Сондықтан болар жаңа вакцинаға деген сұраныс басым. Vero Cell емханаларға жеткізіліп үлгермей жатып, нақ осы екпе түрін алуға ниетілер көбейген.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH.