Ертегілер әлемі

Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Ертегілер әлемі» атты облыстық аудиоертегілер байқауы өтті.

Көру қабілеті бұзылған балалардың кітап оқу қызығушылығын арттыру мақсатында өткен байқауға облыстың Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай, Балқаш, Приозерск қалалары және Бұқар жырау, Шет, Осакаровка, Ақтоғай, Нұра аудандарынан 61 адам қатысты. Қатысушылар байқау талабына орай мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған мемлекеттік және орыс тіліндегі аудиоертегілер ұсынды.

Жеңімпаздарға жүлделі 3 орын мен 2 ынталандыру сыйлығы тағайындалды.

Әділқазылар шешімімен бірінші орынды «Өнердің күші» (қазақ халық ертегісі) аудиоертегісі үшін Нұра ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі маманы, балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлімай Ахметбекова жеңіп алды. Екінші орын «Еріншек адам» аудиоертегісі үшін Ақтоғай мәдени бос уақыт өткізу орталығының мәдени ұйымдастырушысы Әли Сейдіғалиға бұйырды. Үшінші орынды қарағандылық зейнеткер жазушы Наталия Морозова (Инжевская) «LAVA STUDIO» студиясында жазылған «Сказки для Софии – Весенний ветерок» (өз шығармашылығындағы «Придумки от Алинки» ертегілер сериясынан) аудиоертегісі үшін иеленді.

– Біріншіден, осы «Ертегілер әлемі» атты облыстық байқауды ұйымдастырған Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға алғыс білдіремін. Осындай нашар көретін, зағип азаматтарға ертегіні аудиоформатта ұсыну, тыңдату – олар үшін өте үлкен мүмкіндік. Байқауға келер болсақ, өзім аудандық мәдениет үйінде істегендіктен, поэзия әлемін сүйгендіктен, аудандық кітапхананың оқырманы болғандықтан, сол кітапханадан ұсыныс түсті «осындай аудиоертегі байқауы болады, сенің даусың жақсы келеді, қатысып көр» деген. Мен бірден келісе кеттім, себебі өзім кітап оқығанда, өлең оқыған кезде образға кіріп, кейіпкердің жан дүниесіне бойлап оқығанды жақсы көремін. Сол себепті ертегі оқу байқауы жүрегіме жақын болды. Ертегінің өзіне келетін болсақ, «Еріншек адам» атты ертегіні таңдадым, қазіргі заманның дертіне айналған тақырып. Бүгінде отбасын асырайтын ер адамның орнына көбіне әйелі жұмыс жасап, ері әйелінің табысымен күн көріп жүр. Кейіпкерлердің образдарына кіріп оқуым арқылы байқаудың әділқазыларына жеткізе алдым деп ойлаймын, – дейді Әли Сейдіғали.

Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтары тағайындалып, «Үздік аудиоқойылым» номинациясы «Алтын сақа» аудиоертегісі үшін Теміртау қаласының №2 балалар кітапханасының кітапханашысы Жаннұр Әлиасқароваға бұйырса, «Үздік оқырман» («Лучший чтец») номинациясын «Бай-музыкант и Алдар-Көсе» (қазақ халық ертегісі) аудиоертегісі үшін қарағандылық Роман Тен Роман жеңіп алды.

Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сертификат табысталды.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»