Балалардың терезеден құлауы азаймай тұр

Қарағанды облысы жарақаттану деңгейі жағынан жоғары орынға жайғасты. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан егжей-тегжейлі ескерту аз жасалып жатқан жоқ. Алайда күрделі мәселенің күрмеуі шешілер емес.

Қарағанды облысында соңғы екі аптада 4 бала терезеден құлап жарақат алыпты. Мамандардың сөзінше, аймақта жыл сайын көктем-жаз мезгілінде осыған ұқсас 20 шақты жағдай тіркеледі.

Қарағанды облысында былтырдың өзінде 25 бала терезеден құлап, 23-і жарақат алған. Ал үшеуі қаза тапқан. Бұл сандар жылдар бойы қайталанып келе жатқанын ескерсек, балалар үшін қауіп әлі де бар. Осы жылы сәуір айының басында 4 бала терезеден құлап кеткен. Соның салдарынан балғындардың түрлі жарақат алғанын айтады Қарағанды облысы Травматология қызметі ахуалдық орталығының басшысы Ерік Шонбаев.

Жыл сайын мұндай оқиғалар қайталанып тұрады. Бұл жолы жиілеп кетті. Ата-аналар терезесін ашып, балаларын қараусыз қалдырады. Соңы осындай қайғылы жағдайға әкеледі. Әзірге өлім-жітім жоқ. Балалардың барлығы аман. Тиісті көмек көрсетілуде. Бұл жағдай ата-аналарды ойландыруы тиіс. Жақында ғана баланың терезеден құлау фактісі тіркелді. Бала 2022 жылғы. Ол төртінші қабаттан құлаған. Облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Бас, аяқ-қол жарақаты және басқа да жарақаттар алған. Қазір баланың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында. Құлау салдары баланың алған жарақатына байланысты. Балалар кез келген қабаттан құлайды. Оны болдырмау ата-ананың немесе бала тәрбиесіне жауапты қорғаншы не қамқоршының қолында. Ата-аналар баласының өмірін 3-5 мыңға бағалайды. Бұл – терезені ашылып кетуден сақтайтын қорғаныш механизмінің бағасы. Оны кез келген дүкеннен алуға болады. Тіпті орнату да оңай.

Қарағанды қаласында терезеге қауіпсіздік құрылғыларын орнататын мамандардың көмегіне жүгінетіндер өте аз екен. Тұрғындардың қайғылы жағдайға тап болғаннан кейін ғана бармақ тістеп өкініп жататыны жасырын емес.

– Төтенше жағдайға жауапты қызметкерлер де қолдан келгенше ескерту жасап құлақтандырып жатқандарын айтады. Бірақ балалардың терезеден құлау дерегі әлі азаяр емес. Департамент қызметкерлерімен бірге алдын алу шаралары жүргізіліп отырады. Ата-ананың қауіпсіздік мәселесіне байланысты әр түрлі алдын алу шарасын ұйымдастыруына болады. Барлық терезеге емес, арнайы сетка орнатылған жерге қойса болады, – дейді Қарағанды облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Нұржан Жақатаев.

Терезеге орнатылатын қауіпсіздік қондырғыларының 90 проценті апаттың алдын алады екен. Күн райының күрт жылығанын ескерсек, осындай оқиғалар әлі де қайталануы бек мүмкін. Сондықтан ата-аналарға барынша сақ болуы керегін ескертеді құтқарушылар.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»