ЖОЛДАҒЫ ЖҮГЕНСІЗДІККЕ КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?
Жыр болған Майқұдық жолы әлеуметтік желіде ең көп қозғалар тақырыптың біріне айналғалы қашан. Блогерлер бұл мәселені өздеріне басты тақырып етіп, жазбаны қыздыруда. Екі жылға созылған жөндеу жұмыстары Майқұдық тұрғындарының жүйкесін жұқартқаны шындық. Ашынған жұрт жолдағы көлік кептелісін түсіріп, желіге жиі жүктеп жатады.
Жазда жұмыс жарытпады, қыста қиындық шегеріміз анық деген жұрттың жанайқайына коммуналдық сала өкілдері жауап қатты. Қарағанды қаласы коммуналдық шаруашылық бөлімінің автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Нұржан Тасмағанбетовтың айтуынша, бүгінгі күні Карл Маркс көшесінің бір бөлігі жабық. Және восток 5 ықшам ауданынан бастап «Сырдария» сауда үйіне дейін жолдың бір жақ бөлігі ғана ашық. Мұнда толыққанды жөндеу жүргізіліп жатыр. Майқұдыққа бірнеше айналма жолдар арқылы жетуге болады. 35 маршрут арқылы және екіншісі 7 магистраль Костенко кеніші арқылы жетсе болады.
Комуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындарға кептеліс жасамай айналма жолмен жүруді ұсынып, өздерінше тығырықтан шығар жол сілтейді. Алайда айналма жолдың шығын екені айтпаса да түсінікті. Жақын уақытта басты жолдармен қозғалыс қалыпқа келеді деген жауапты мекеме әзірге нақты уақытты дөп басып айтудан аулақ. Онсыз да ашулы халыққа белгілі бір күнді айтып, ол күні жол ашылмаса не болары белгілі. Қазір Майқұдықтағы Восток 1-ден Восток 5-ке дейінгі аралықтағы жолда асфальттың төменгі қабатын салу жұмыстары жүргізілуде, ол жұмыстар апта соңына дейін аяқталуы тиіс, кейін қоғамдық көлік үшін жолды ашу жоспарланып отыр.
Ал Восток 5-тен Көгілдір тоғандар ықшам ауданына дейінгі жолдың негізі жасалуда, ол қашан ашылатынын нақты айту әзірге ерте сынды. Жазда сұрап жүріп су сепкізген бұл жолдар, күзгі жауынмен саз-балшықтың ортасына айналмаса болғаны. Оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар да жол жағдайына алаңдаулы. Ой –шұңқырлы жолдан бала былай тұрсын, ересек адамның өзі қиналып өтеді. Жолдағы жөнсіздіктен жеткіншектердің жазым болмасына кім кепіл?
Мезі қылған Майқұдықтың ми айналдырар айналма жолынан шығып, қалаға беттесеңіз де түзу жолға түсуіңіз екіталай. Көпір аса жол келеңсіздігіне тағы кезігесіз.
Жабулы тұрған тағы бір жол желісі ол — ХМК (Нан-Макарон комбинаты) ауданындағы 7 магистраль жолы. Бұл жерде үлкен шұңқыр қазылыпты. Мұндағы жоғарыда тұрған жылу желісінің құбыры алынып, жер астымен төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жауапты сала мамандары жолды кеңейтіп, көліктерге ыңғайлы болуы үшін жылу жүйесін жердің астынан өткізбек ниетте. Бүгінде жұмыстар жүргізіліп жатыр, айналма жол уақытша ХМК алдымен өтеді. Бұл жердегі жөндеу жұмыстары қоңыр күзге дейін жалғаспақ. Жолдағы қолайсыздықтан Оңтүстікшығыс ауданының халқы да құтылмады. Мұнда Республика даңғылындағы жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мұндағы жол соңғы рет 2015 жылы жөндеу көріпті, енді беткі қабаты ауыстырылуда. Қазіргінің бәрі жоспардағы жөндеу жұмысы, қараша келіп жылу берілгенде жол астынан ақау шығып «қазба жұмыстары» одан сайын қарқын алып кетпесе болғаны. Өйткені, жылу берсе жолды қопарар, жаңбыр жауғанда шатырды қопарар біздегі үйреншікті әдетке айналған көрініс. Айтпақшы, жолды жөндеп, тесігін түгендейтіндер су ағатын саңылау қалдырса дейміз. Әйтпесе бұрынғы суағарлардың орнын сипап қалатын болдық. Жаңбыр жауса, тобықтан келер су кешетін қала тұрғындары бұл мәселені сан мәрте қозғаған. Әзірге салынып жатқан суағарлар саусақпен санарлық.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH.