ВАКЦИНА – ЗОРЛЫҚ ЕМЕС, ҚАМҚОРЛЫҚ!

Шынымен, біз кейде жанашырлық пен дұшпандықтың аражігін ажырата алмай жатамыз. Дұрыс қабылдамаймыз. Вакцинаның жағдайы да сол. Елге төнген нәубетті қорғамаққа ниеттенгенде аяғының бір ұшы халыққа тиіп кетсе, оған тас атып әлек. Бар ақиқатты елге түсіндіру мақсатында мамандардың пікірін білген едік. Мархабат!

«Вакцинация ол біздің қалыпты түрде өмір сүруімізге кепілдік беретін басты құрал», – дейді Дарын Әбілжанов. Дарын жас та болса бас болып жүрген белсенді азаматтардың бірі. Ол Жалпы тәжірибелік дәрігер – интерні. Облыстық клиникалық аурухананың Жұқпалы аурулар орталығы Реанимация және қарқынды терапия бөлімінің қызметкері.

«Тарихқа үңілетін болсақ, түрлі эпидиомологиялық жағдайлар орын алған. Сол кезеңдерде бірден бір көмекші болған осы вакцина», – деп бастады әңгімесін.

– Халықтың ойы екіге бөлінуіне вакцинаның шұғыл арада даярлануы мен әлеуметтік желіде немесе БАҚ беттеріндегі жалған ақпараттардың таралуы себеп.

Дарынның сөзінің жаны бар. Себебі, шынымен халық арасында күмән тудырып отырған фейкақпардың кесірі.

Ал енді жалпы вакцина жайлы ойын Дарын былай өрбітті: «Вакцина бұл табиға ағуыз. Күнделікті қабылдап жүрген ағуыздың бір түрі десек те болады. Адам ағзасына ешқандай зиян тигізбейді. Иммундық және клеткалық деңгейде жұмыс жасайтын препарат.

Қазіргі орын алған жағдайға байланысты нақты ойын да жеткізді.

– Бұрындары вакцинацияға ешқандай күмән немесе қарсылық болған емес. Барлығы осы ақпараттың дұрыс берілмеуінен деп есептеймін. Елімізде жағдай жасалған. Кез келген вакцинаны тегін алуға болады. Және ақылы түрі де бар. Бұл жерде адамдардың эгоистік көрқарасы басым. Көпшіліктің денсаулығын ойлаудың орнына жеке бастың қамы маңыздырақ болып тұр.

Шынымен, осы бір эпиджағдай бірліктің орнына эго көзқарасты айқын танытты. Бір адамның денсаулығы жақсы болуы үшін көпшіліктің жағдайы қалыпты болуы тиіс. Сонда ғана нәубеттен айығамыз. Бұл логикалық дүние емес пе?

– Вакцинация медициналық тәжірибеде бар құбылыс. Кез келген эпиджағдайда қолданылған. Қазіргі таңда Қарағанды облысында вакцинаның 4 түрі бар. Барлығының әсер ету механизмі – бір. Клеткалық деңгейде әсер етеді. Иммундық тұрғыда ешқандай қауіп төндірмейді. Мысалы, адамдар вакцина алғаннан кейін: «Барлық ауруымды шығарды. Әлсіреп қалды» деген сыңайдағы шағымдарын айтып жатады. Алайда, бұл қалыпты құбылыс. Себебі, ағзаға антиденеге енгеннен кейін ол қорғаныстық қабатты құрады. Бұл жай шаруа емес. Мәселен, дуал салу үшін оған қаншама қаражатыңыз, күшіңіз кетеді, терлейсіз, әлсірейсіз. Бұл да сол сияқты.

Әрине, біздің басымыздан өтіп жатқан бірінші жағдай. Бірақ, Дарын айтқандай, тарихта алғашқы рет емес. Демек, мұндай тәжірибе бар. Сол тәжірибенің арқасында жеңді емес пе?

– Реакция жалпы және жергілікті болып екіге бөлінеді. Жергіліктіге екпе салған жердің қызаруы, қышуы, ісінуі дегендер жатады. Ал жалпы реакцияға бас ауруы, әлсіздік, бұлшық етінің ауруы бар. Яғни, бұл бірте-бірте кететін реакциялар. Бір-екі күннің ішінде жойылады. Вакцина алғаннан кейін міндетті түрде дене қызуының көтерілуін байқайтын болсақ жергілікті әсер ететін препараттарды қабылдауға болады. Бірақ таныс емес препараттарды қабылдау – орынсыз.

– Облысымыздағы эпидахуалға келетін болсақ, біз қазір өте күрделі кезеңді өткеріп жатырмыз. Себебі, инфекциялық жұқпалы аурулар орталығындағы 70% төсек орыны бос емес. Денсаулық сақтау саласы үшін ауыр жағдай. Қорыта айтқанда, вакцинациядан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, білікті мамандардың даярлаған дүниесі. Сондай ыждаһаттылықпен мұқият тексеріліп халыққа жіберіліп отыр, – деп түйіндеді Дарын Әбілжанов.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ, OH.