Спорт деген – бір сиқыр
Спортсүйер қауым үшін бар жағдай жасалды. Сұрыптау кентінде үстел теннисінен Мамбар Гүлжазира атындағы қалааралық турнир өтті. Жас талғамайтын жарысқа жас та, кәрі де қатысып спорттағы баптарын байқасты. Турнир ауқымы келесі жылы ұлғая түседі деп күтілуде.
Үстел теннисінен спорт шебері Гүлжазира Мамбардың құрметіне дәстүрлі түрде жыл сайын турнир өткізіліп келеді. Кезекті жарыс биыл алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Ақадыр, Сұрыптау кенті, Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларынан және елордадан барлығы 50-ге жуық теннисші және осы спорттың әуесқойлары келіп күш сынап көрді. Спорттық шара ашылу салтанатынан басталған.
– Бүгін, міне, Сұрыптау кентінде кезекті рет Гүлжазира Мамбар атындағы үстел теннисінен жарыс басталды. Спорт – денсаулық кепілі. Шараға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Келесі жылы теннис үстелдерін жаңартамыз деген ойымыз бар. Қала әкімшілігіне, Сұрыптау кентінің спорт басшылығына алғысымыз шексіз, – деп атап өтті Ақыт қажы мешітінің бас имамы, шараны ұйымдастырушы Жанарбек Мамбар.
Шараға қатысушылар спорттың жасқа қарамайтынын айтады. Үстел теннисі бұлшық ет пен көз саулығына өте пайдалы. Сол себепті бұл спорт түрінен хабары бар кез келген адам аталмыш жарыста белсенділік танытты. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отырған шара соңында су тасқыны болып жатқан өңірге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырушылар қаржы жолдамақ. Ең жас қатысушы 12-де, ал ең егдесі пайғамбар жасынан асқан.
– Үстел теннисінен Гүлжазира Мамбар атындағы алтыншы қалааралық сайысқа келдік. Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіндегі Әлімхан Ермеков атындағы мектептің оқушысымын. Бапкерім – Мұхтар Қаракекілов. Үстел теннисі барлық адамға қолжетімді, қызықты. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді Ұлболсын Кегенбай.
Қалааралық жарыстың жүлделі жеңімпаздарына қаржылай сыйлық, медаль мен алғысхат табысталды. Дүбірлі доданың қорытындысында бірінші орынға Владимир Винокуров лайықты деп танылса, екінші орынға Жарылғап Оспанов тұрақтаған. Үшінші орынды Ақадыр кентінен келген, Ә.Ермеков атындағы мектептің тәжірибелі дене шынықтыру пәнінің ұстазы Мұхтар Қаракекілов қанжығасына байлаған.
Ерлерден қалыспай бақ сынаған қыздар үшін де жеңісті орындар қарастырылған. Қыздар арасында үшінші орынды Юлия Сибагатуллина қанағат тұтса, екінші орында Гүлденсін Төлеген топ жарған. Ал бірінші орынға Ұлболсын Кегенбай лайықты деп танылған.
Айта кетейік, Ұлболсын Кегенбай өткен жылы өткен аталмыш шарада топ жарып, биыл да бірінші орынды сақтап қалды. Баян Сейтбекқызы Нұртаева жарысқан қыз балаларды марапаттаса, Меруеш Башайқызы қыздарды жеңісімен марапаттады. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын шарада үздік өнер көрсеткен жасөспірім Нұрдәулет Көдековті қолдап, үздік ойыншыға өз атынан сыйлық табыстады. Шараға қатысушылардың турнирге есімі берілген Гүлжазира Мамбарға деген құрметі шексіз, сондықтан жарысқа қатысып қайтудың өзі бір мәртебе болды. Дүбірлі дода келер жылы халықаралық дәрежеге ұласып, жарысқа Түркия, Моңғолия елінің спортшылары қатысады деп күтілуде.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»