Облыста табиғатты қорғау акциялары өтуде

15 сәуірден бастап Қарағанды облысында табиғатты қорғау бағытында екі акция басталды, олар: «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары». Осы орайда қарағандылықтарды жануарлар әлеміне ұқыпты қарауға және табиғат қорғау заңнамасының бұзылғаны туралы дереу хабарлауға шақырады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Қарағанды шаруашылығының орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел тобының жетекшісі Бекайдар Жақыпов және Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов акциялар шеңберінде қандай іс-шаралар жоспарланғаны туралы айтып берді.

15 сәуір мен 30 мамыр аралығында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бойында балық аулауға тыйым салынады. Бұған барлық су торабы (суқоймалар) кіреді. Бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде торта, ақтабан, мөңке және шортанға әуесқойлық (спорттық) балық аулау үшін ерекше жағдай жасалады.

Сондай-ақ Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар су айдындарында 20 сәуірден 20 мамырға дейін көксерке, ал 1 мамырдан 30 маусымға дейін сазан мен тұқы аулауға тыйым салынады.

Құқық бұзушыларға әкімшілік айыппұл салынып, қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылуы мүмкін.

– Осы жылдың басынан бері инспекция 49 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеді, оның ішінде 13 өрескел құқықбұзушылық сот органдарына жіберілді. 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды, 600 мың теңгеге жуық айыппұл өндірілді, – деді Бекзат Махажанов.

Уылдырық шашу кезеңі облыс аумағында 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтетін «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізумен сәйкес келеді.

Балық шаруашылығы су айдындарын торлардан тазарту үшін тралдау өткізеді. Сондай-ақ жағалау аумақтарын тұрмыстық қоқыстардан және қатты қалдықтардан тазарту жоспарланған.

Табиғат қорғау заңнамасын сақтамау фактілері туралы тікелей 90-81-12 нөмірі арқылы инспекцияға (жедел желі), құқық қорғау немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға болады.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»