Интернет-алаяқтармен күрес

Интернеттегі алаяқтық – нақты әлемнен виртуалды әлемге еніп кеткен құбылыс. Интернеттегі алаяқтық анықтамасы нақты әлемдегі алаяқтықпен бірдей: бұл – біреудің мүлкін ұрлау немесе алдау, не болмаса сенімге қиянат жасау арқылы басқа біреудің мүлкіне құқықтарды алу. Дегенмен интернет-алаяқтық виртуалды кеңістік заңдарына, интернеттің уақыт режиміне, пайдаланушылардың бір-бірінен физикалық қашықтығына және интернеттегі пайдаланушылардың анонимділігіне бағынады. Осы сипаттарына қарай алаяқтарды жауапқа тарту өте қиын. Интернет-алаяқтар ықтимал құрбандарды табу үшін интернеттегі барлық ықтимал байланыс арналарын пайдаланады.

Қарағандылық полицейлер интернет-алаяқтардан қалай қорғану керегін тағы бір мәрте еске салды. Тұрғындардың киберқылмыскерлер қулығына түсуі әлі де жалғасуда. Құқық қорғау органдары сақтық танытуды сұрайды, бұл – интернет-алаяқтардан қорғанудың ең жақсы тәсілі.

Қарағанды полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин және Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы Ерлан Мұсабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингіде виртуалды алаяқтармен бетпе-бет келгенде қорғанатын қандай алдын алу шаралары қолданылатыны және не істеу керегі туралы айтып берді.

– 2024 жылдың үш айының қорытындысы бойынша, Қарағандыда 1 195 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, оның ішінде 291-і – интернет-алаяқтық. Яғни жалпы тіркеудің 24,7%-ы. Егер жедел қорытындыны талдайтын болсақ, басқаларға қарағанда мұндай қылмыстар Оңтүстік-Шығыс секторының аумағында тіркеледі, – дейді Шахназар Салин.

Ақша ұрлаудың алаяқтық тәсілдері көп: банктен жалған қоңыраулар, табысы жоғары деп уәде беретін желідегі жарнама, конкурсқа қатысу туралы ұсынысы бар фишингілік хабарламалар, туысқандарына дауыс беру, іс жүзінде жоқ құқықбұзушылық жасалды деп телефонмен қоңырау шалу және т.б. Бұл ретте киберқылмыскерлер схемаларын екі ай сайын өзгертіп отыратынын айтты Ерлан Мұсабеков.

– Мысалы, жыл басынан бергі үш айдың ішінде Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінде WhatsApp бұзылып, қылмыскерлер жәбірленушінің байланыс тізіміндегі барлық адамнан ақшалай көмек сұраған 8 факт тіркелді. Қоңырау шалып сим-картаның мерзімі аяқталғанын хабарлаған 5 факт бар, – деді Ерлан Мұсабеков.

Киберқылмыстарға, оның ішінде интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл жасау үшін Қарағанды полиция басқармасының аумақтық бөлімшелерінде «Киберпол» соққы-нысаналы топтары құрылды. Жұмыс «бір терезе» қағидатымен жүргізіледі. Тергеуші істің басынан аяғына дейін әрдайым жәбірленушімен байланыста болады.

Полиция қызметкерлері өз деректерін қылмыстық пайдаланудан қорғау үшін бірнеше кеңес берді:

– төлем картасының деректемелерін (жарамдылық мерзімі, CVV/CVS, ПИН-код) ешкімге бермеңіз және атамаңыз;

– SMS-тен кодтарды хабарламаңыз;

– біреудің өтінішімен мобильді банкингідегі телефон нөмірін өзгертпеңіз;

– мобильді банкингіден логин мен пароль бермеңіз;

– белгісіз біреулердің жіберген хаттарындағы сілтемелерге өтпеңіз;

– егер олар ресми сайттардан жүктелмеген болса, белгісіз бағдарламалар мен қосымшаларды орнатпаңыз.

Деректеріңіз зиянкестердің қолына түсті деген күдік туындаған бетте 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Егер өзіңіздің шоттарыңызбен сіздің қатысыңызсыз операциялар жүргізіліп жатқанын байқасаңыз, дереу банктің байланыс орталығына хабарласыңыз.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»