«ҒАЛЫМНЫҢ САРА ЖОЛЫ»
Биыл ұлтымыздың ұлы перзенті, Қазақстандағы геология ғылымының негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Осыған орай М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Ғалымның сара жолы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Шара «90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасы аясында өткізілген.
Кездесуге Қ.Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің музыка пәнінің ұстазы Ж.Т.Батырбекұлы және Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті студенттері, сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы гимназия оқушылары қатысты.
– Мен мұнда қазақ тілі мұғаліміммен келдім. Бұған дейін Қаныш Сәтбаев жайлы көп мәлімет білемін деп ойлайтынмын. Бірақ бүгінгі кездесу мені таңғалдырды. Оның атында планета, мұздық, гүл бар екенін білдім және отбасы жайлы деректер мен үшін жаңа әрі пайдалы болды. Мен бүгін шараға арнайы дайындалып келдім. Осы ғалымның өмірінен кішігірім үзінді ретінде әңгіме дайындап, келушілерге айтып бердім. Көбісіне ұнаған сияқты, олар қол соқты, – дейді оқушы Артем Короленя.
Кездесу кештің спикерлері де ұтымды таңдалған. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау кафедрасының аға оқытушысы С.И.Бақытқызы жиналғандарда ғалымның еңбегі жайлы түрлі тың ақпарат ұсынды. Ал Қ.Сәтбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Ж.Аймағанбетова ұлтының сүйікті ұлының өмір жолындағы қызықтарын баяндап берді.
Тағылымы мол шарада «Қазақ халқының ұлы ғалымы» және «Қ.Сәтбаевтың өмір жолы» бейнебаяны көрсетіліп, оның елі үшін жасаған елеулі еңбектері ортаға салынып, оқырмандар біраз дерекке қанық болды. Сонымен қатар ақын-жазушылардың Қаныш ағамызға арналған шығармалары мәнерлеп оқылып, Қ.Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің ұстазы Жанболат Батырбекұлы әсем әнін оқырмандарға тарту етті.
Қаныш Сәтбаевтың геолог қана емес, әдебиетші, тарихшы, этнограф, математик, педагог болғаны жөнінде тың деректер ортаға салынды. Кездесу барысында қонақтар Қ.Сәтбаевтың Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі мен тұлғалық болмысына байланысты ойларын бөлісті. Тағылымы мол шара барысында студенттер мен оқушылар ғалым туралы білетіндерін ортаға салды. Ұйымдастырушылар студенттер мен оқушыларға арнап сұрақ-жауап айдарын ұйымдастырған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қ.Сәтбаевтың ғалымдық, тұлғалық қасиеті мен ұлағатты өмір жолын насихаттау, ерлікке толы істерін ұлықтау, оқырмандарға таныстыру.
– Мұндай кездесулерге жастардың қызығушылығы өте зор. Биыл жыл бойы тоқсан кездесу өткіземіз деп жоспарлағанбыз, қазірдің өзінде жиырмадан астамын өткізіп тастадық. Болашақта осы өлке тұлғаларын насихаттау бағытында әлі қаншама іс-шара жоспарланған. Соңына қарай орталықтан шыққан жас ғалымдар, жас жазушы, ақындарымызға да көңіл бөлінетін болады. Суденттер мен оқушыларға олардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау өте маңызды деп білеміз. Өз тұлғаларымызды өзіміз тануымыз және танытуымыз керек, – дейді М.Әуезов атындағы орталық кітапхана қызметкері Айтолқын Жаңабай.
Сондай-ақ оқырмандарға «Қазақтың Қанышы» атты кітап көрмесі жайлы шолу жасалды. Кітапхана ұжымының айтуынша, халқының лайықты ұлы Қ.Сәтбаевтың ұшан-теңіз еңбегін дәріптеу әлі де жалғаса бермек.
Нұрәсем АХАН,«QH»