Сүйікті қаламызға саяхат
Қарағанды қаласында ерекше іс-шара бастау алды. «Қарағанды қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ мен «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ мұрындық болуымен Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада мектеп оқушылары күндегіден көптеп жиналды. Басқосу Қарағанды қаласының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылып, ақпараттық экскурсияға негізделген. Шара «Тарихтан сыр шертеді менің қалам» атауымен жүзеге асып отыр. Арнайы автобус сүйікті қаламыздың тарихи орындарын аралап, көше атауларының тарихы жайлы кітапханашылардың көмегімен экскурсия жүргізілді. 44 баланың басын қосқан шараның басты мақсаты – өлкетану тарихын тарату, анықтау, жинау, өңдеу, жүйелеу және сақтау, өлкетану материалдарын пайдалануға беру, тарихи мұраны, білім беру, туған қаланың тарихына танымдық қызығушылықты ынталандыру.
– Бүгінгі бастау алып отырған жобамыз сүйікті қаламыздың 90 жылдығына негізделіп отыр. Жобаның жүзеге асуына Қарағанды қаласының әкімдігі, «Қарағанды қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қолдау танытты. Көше тарихы мен атаулары жайлы жас ұрпаққа толық түсіндіріледі. Аталмыш шара жыл соңына дейін жалғасады, – дейді М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың Қызмет көрсету бөлімінің маманы Айтолқын Жаңабай.
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың №20 филиалы қаламыздағы мектептермен келісімшартқа отырып, оқушыларды кеншілер астанасымен таныстыруды жүзеге асыратын болады. Майқұдық мәдениет үйінің ауласына тоқтаған автобустан шыққан оқушылар арасында тұрақты оқырман Әліби Өмірғазиев пікір бөлісті.
– Бүгінгі саяхатымыз маған ерекше ұнады. Сыныптастарымызбен бірге ойын ойнадық. Қарағандыда мен білмейтін көшелер бар екен. Өзім М.Әуезов кітапханасының тұрақты оқырманымын, дәл сол жерде «Өнерлі бала» шығармашылық клубының мүшесімін. Менің сүйікті кітапханам 1978 жылы құрылған. Кітапханаға Мұхтар Әуезов есімін беруге Жайық Бектұров атсалысқан. Кітапхананың қызмет көрсету сапасы жақсы, – деп атап өтті №41 ЖББОМ 5-сынып оқушысы Әліби Өмірғазиев.
Экскурсияның алғашқы легі 6 сәуір күні «Тарихтан сыр шертеді менің қалам» жобасы аясында бастау алды. «Танитын уақыт» ұранымен Қарағанды шаһарына саяхат жасаған қоғамдық көліктегі саяхатшылар қаланың тарихымен және оның көшелерімен танысып қана қоймай, мәдени нысандарын тамашалады. Экскурсиялық маршрут шеңберінде Қарағанды қаласының негізгі орындарымен – Майқұдық, Жаңа қала, Оңтүстік-Шығыс аудандарының көшелерімен – жүріп өтті. Байқаудың алғашқы қатысушылары «Өнерлі бала» жас ақындар клубының, «Султик» жан-жақты дамыту клубының мүшелері, кітапхананың тұрақты оқырмандары болды. Ақпараттық экскурсия кезінде жүріс-тұрыс ережелері, қауіпсіздік техникасының негіздері таныстырылды. Туған өлке туралы әдебиеттерді оқуға қызығушылықты арттыру үшін аудио, бейне, мультимедиалық және көрнекі материалдар қолданылатын болады. Экскурсия барысында балалардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыру үшін ойындар, викториналар, шағын флешмобтар, байқаулар, қызықты сергітулер өткізілді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»