Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына деген жанашырлық

 

Төл тарихымызға үңілсек, ұлт тағдырын шешкен құрылтай көп екеніне куә боламыз. Әсіресе өте маңызды кезеңде Алаш жұрты түгел жиналып келелі мәселені кеңесіп отырған. Мәселен, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылды. Екінші құрылтайда «Алаш» автономиясы жарияланды. Егемендік алғаннан кейін өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында сырттағы қандастарымыз атамекенге оралды. Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз және елдің алдындағы маңызды мәселелерді алқалы жиында талқылайтын орта. Осында қабылданған шешімдер бүкіл елді біріктіретініне сөз жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда әділетті Қазақстан күрделі әрі ұзақ үдеріс арқылы құрылатынына назар аударды.

Өткен тарихымызға үңілсек, ұлт тағдырына қатысты маңызды кезеңде алаш жиналып, келелі мәселені құрылтай арқылы кеңесіп шешкен. Ұлттық құрылтайдың маңызы ерекше. Құрылтай шақырылған келелі басқосуда елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстар талқыланады. Ұлттық құрылтай елдің өтініштері мен тілектерін жинайтын коммуникацияның әр түрлі форматын пайдалану арқылы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналды. Тәуелсіздік идеясы мен мемлекеттік құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған. Осы орайда Сарайшықтағы басқосу әділетті Қазақстан, адал азамат, озық ойлы ұлт қалыптастыру қағидасына негізделді. Ұлттық құрылтай құрылғалы, ауқымды жұмыс атқарылуда. Осы орайда билік пен қоғамның әріптестігі әділетті Қазақстан құру ісінде айрықша рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай арқылы халықтың жағдайын жақсартуға, халқымыздың рухани дүниесін байытуға, сол арқылы мемлекеттің дамуына баса назар аударып отыр. Осы орайда Ұлттық құрылтай отырысының сән-салтанат құрып, арқаны кеңге салып отыратын жиын емесін, яғни Ұлттық құрылтай халық арасында өзекті болған, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп тұрған жағдай мен мәселелерді шешуге, дүниежүзінде өзінің жақсы қасиеттерімен танылатын ұлтты тәрбиелеу мен әлеуметтендіруге қатысты екенін ерекше қадап айтты.

Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты – мемлекеттік нышандарды жетілдіру. Қазақстан үшін әрдайым өзекті мақсаттардың бірі – елімізді, атамекенімізді танытатын, ұлттық кодымызды айшықтайтын ұлттық бренд қалыптастыру екенін жеткізді. Еліміз – қазақ халқының дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, тарихқа, осында тұратын ұлттардың құндылықтарына толы мемлекеттердің бірі екенін алға тартты.

Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік нақыштағы өнімдер мен туындыларды әлемге таныту қажеттілігін қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар Президент мемлекеттік наградаларға қатысты пікірін білдірді. Мемлекеттік сыйлықтар мен құрметтер тек қана өзінің ісіне, кәсібіне, Отанына адал азаматтарға берілу керегін атап өтті.

Екінші мәселеде Мемлекет басшысы ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихының жазылуы әсер ететінін атады. Осы тұрғыда қазіргі кезде «Қазақстан тарихы» кітаптары еліміздің тарихи жолы туралы толықтай ақпарат бере алмай отырғанын жеткізді. Халқымыздың көптеген тарихи тұлғаларының өмірлері кең көлемде жазылмағанын алға тартты. Келешек ұрпақ өзінің тарихи болмысын, рухын және ұлттық сана-сезімін, ата-тегін ұмытуға алып келетініне алаңдаушылық білдірді. Өткен тарихымызға қатысты ғылыми зерттеулер жұмысына тоқталып, Жошы хан жайлы кітап жазылатынын жеткізді.

Президент баяндамасында жас ұрпақты әлеуметтік желінің түрлі зиян контенттері, үлкендер тарапынан берілген тәрбиенің санаға толық құйылмауы, ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеуі тиіс тұлғалардың келеңсіз әрекеттерінің барлығы біздің ұлтымыздың жастарының санасына, денсаулығына әсер ететінін өткір көтерді. Бүгінгі күні қоғамда зиянды дүниемен бетпе-бет кездесудеміз. Осы орайда Мемлекет басшысының аталған мәселелерді шешуге қатысты айтқан сөздерінің құны жоғары екені байқалуда. Аталған мәселелерде әркім өзінің әрекеті, ісі, сөйлеген сөзі ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқанына жауапты болуы керек.

Отансүйгіш елдің азаматтары қоғамға, өскелең ұрпағымызға рухани дүниеміздің байлығы, адамгершілігіміз, жақсы іс пен адал еңбегіміз арқылы үлгі көрсетуіміз керек.

Жақында ғана «Дәстүр» этно-мәдени өнер орталығын аштық. Адал азамат қазақтың ұмыт болған қолөнерін, оның ішінде кесте тігу, қой жүнінен өнім шығару, оны жастарға үйретуді қолға алуы шарт. Үйде отырған кез келген қазақ келіншектері үйінде шағын өндіріс ашуына болады. Осыған үйретіп, соған бастамашы болу мақсатында жасалып жатқан дүние. Сыртында біздің ұлттық дәстүрлі өнеріміз шертпе күйлерді, дәстүрлі ән өнерін үйретеміз. Осы істі жаңғырту, ұрпаққа қалдыру мақсатында жасалып отыр. «Дәстүр» этно-мәдени орталығын ашқан кезде мемлекеттен қолдау болмады. Еліміз үшін отбасымызбен ақылдаса келе жүзеге асырдық. Негізінен мұндай орталықтар мемлекет қолдауымен ғана жүзеге асады. Еліміздің әр азаматы ұлтқа, мемлекетіне қызмет еткісі келсе, ниеттен туындаған істі мемлекетке қол жаймай-ақ жүзеге асыра алады. Осылай ойымыз жобаға айналып жүзеге асқан жайы бар. Адал азамат болу үшін, адал азамат жайлы айтуымыз үшін, әрбір ел тұрғыны адал болуы керек. Мемлекеттік қызмет, еңбек адамы жеке басын халық мүддесінен биік қоймауы керек. Өз ортамызды өзгертіп, жақсы жағынан іс бастасақ, жасампаз еліміз дами түспек. Елге, жерге, отбасымызға адал болып, жас ұрпаққа адал қасиет сіңірген жағдайда еліміз гүлдемек. Ел Президентінің кеше қозғаған дүниесі де – осы.

Ұлттық құрылтай – елдегі әр саладағы мәселені шешетін, болашақты жоспарлау кезінде ұйысқан, біріккен шешім қабылдайтын жиын. Ұлттық құрылтай халықтың рухын, рухани құндылықтарын, жігерін, мемлекеттің мызғымастығы мен беріктігін, елдің береке-бірлігін нығайтуға үндейді. Біз Отанға, елге, жерге адал болуымыз қажет. Жеке бас мүддесінен халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қоятын адал азаматтарды қалыптастыруымыз керек!

Меруеш БАШАЙ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қорының» Қарағанды облыстық филиалының басшысы,

Қазақстанның мəдениет қайраткері