Облысымызда су тасқынының күрделі кезеңі аяқталды

Қарағанды облысында су тасқынының күрделі кезеңі өтті. Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев су тасқынымен күресуге белсене атсалысқан құтқарушыларға, полицейлер мен әскерилерге, еріктілерге, сонымен қатар кәсіпкерлер мен тұрғындарға алғыс білдірді. Аймақ басшысының пікірінше, қазіргі таңда Қарағанды облысы тасқын қаупі сейілмей тұрған өзге өңірлерге көмек көрсетуге дайын.

Бүгінгі таңда облысымыздағы 237 гидротехникалық құрылыстың барлығы үздіксіз жұмыс істеп, қажетті көлемдегі сумен толтырылған. Биыл Шерубай-Нұра суқоймасы арқылы 256 миллион текше метр су, ал Самарқанд пен Ынтымақ суқоймалары арқылы 410 миллион текше метр су өткен. Облыс әкімі мұндай су көлемі 2017 жылы болғанын, көптеген адам сол жылғы су тасқынының салдары қандай болғанын білетінін атап өтті.

– Су тасқыны зардабын барынша азайту жұмыстары осыған дейінгі қабылданған шараларда тиімділігін көрсетті. Дей тұрғанмен алдағы уақытта штаттан тыс туындаған жағдайларға жол бермеу үшін жұмыс жүргізе береміз. Су тасқынынан зардап шеккен халықтың барлығына дерлік көмек көрсетіледі. Ауылдарды су басып қалмас үшін, аудандық маңызы бар үш жолды қазуға мәжбүр болдық, – деген Ермағамбет Бөлекбаев бүгінде сол жолдарда жұмыс жасалып жатқанын атап өтті. Жалпы 8 жолды су шайып, оның 4-еуі жөнделген.

– Сондықтан әзірге жол қозғалысы қиындады. Қазіргі қиын кезеңде барлықтарыңызды шыдамдылыққа шақырамын. Құрметті жерлестер, Ақтөбе, Қостанай және еліміздің басқа да облыстарында орын алған күрделі жағдайды ескере отырып, біз жерлестерімізге қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы ретте жерлестеріміз бен кәсіпкерлерді, отандастарымызды қолдау көрсетуге шақырамын. Бірлігімізді танытып бір-бірімізге қолдау көрсету аса маңызды, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленді, яғни 369 200 теңгеден алды. Осы аптада олар толық залалды өтей бастайды, бағалау комиссиясы жұмысты аяқтап, қорытынды дайындайды. Сондай-ақ осы аптада мал шығынына байланысты мәселе шешіледі.

Бұл туралы Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров аппараттық кеңесте хабарлады. Зақым келген үйлердің орнына басқасын сатып алу немесе үй салу мәселесі қарастырылуда. Зардап шеккен халықтың жағдайын жедел түрде қалпына келтіру үшін қажетті барлық шара қабылданып жатқаны айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін болған тікелей эфирде облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов Қарағанды облысының су тасқынынан аз шығынмен шығуына не ықпал еткенін, яғни қызыл судың алдын алуға ертерек қам жасалғанын айтқан-ды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар Республикалық жол картасы және облыстың инженерлік жұмыстар жоспарына орай 20 елді мекен аумағында 90 шара іске асырылған. Өткен жылдың өзінде облыс көлемінде 8 шақырымға жуық бөгет пен өзен жағалаулары нығайтылған. Су көтерілу қаупі бар өзен арналарының 45 шақырымы тазартылған. Сондай-ақ 54 су шаруашылығының нысаны жөнделді. Автомобиль жолдарының 66 учаскесінде су өткізу мүмкіндігі ұлғайтылды. Су тасқыны қарсаңында жергілікті билік жанар-жағармай қорын, инертті материал мен қап контейнерлерін қамдап қойған. Елді мекендерден 3 миллион текше метр қар шығарылды. Тасқынның пәрмені ауа райына байланысты: күзгі топырақтың ылғалдығы, тоңның қатуы, ақпан айындағы жауын-шашын, ауа температурасының күндіз және түнгілікте нөлден жоғары болуы да су қаупін үдете түскен. Дегенмен 2015 жылғы тасқынға қарсы ауқымды жұмыстар нәтижесінде 122 елді мекенді су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік туындады.

Біздің аймақ енді тасқын қаупі әлі де үдеп тұрған өңірлерге жәрдемдесуде. 7 сәуір күні авариялық-құтқару және шұғыл жұмыс жүргізу үшін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар қызметінің күш құрылымдары Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Көмекке 70 адам, 11 техника, 6 жүзу құралы мен су соратын 27 қондырғы жөнелтілді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»