Жас ақын Салтанат Смағұлтегімен кездесу кеші ұйымдастырылды
«Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Қарағанды қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ №15 балаларға қызмет көрсету филиалында №86 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларына және кітапхананың тұрақты оқырмандарына арналған «Арқаның ақын қызы» атты кездесу кеші өткізілді. Аталмыш шара «Қарағанды қаласының 90 жылдығына – 90 кездесу» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Қолға алынған іс-шара танымал жас ақындар шығармашылығына шабыт беру, Арқа өңіріндегі таланттарды қалың оқырманға таныту және кейінгі буынды поэзия әлеміне баулуды көздейді. Руханият шырақшыларының атсалысуымен өткен кеште кітапхана қызметкерлері ақын Салтанат Смағұлтегінің өмірбаяны мен еңбектеріне тоқталып өтті.
– Поэзия – мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны, махаббат, сүйіспеншілік, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние. Салтанат – түрлі жыр мүшәйраларының жүлдегері. Бүгінгі кейіпкеріміз 1982 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 2005 жылы Қазақ-түрік лицейінде өткізілген «Арулар поэзия патшалығында» атты облыстық мүшәйраның бас жүлдегері. 2006 жылы Қарағанды қаласының Білім бөлімі ұйымдастырған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін… » атты мұғалімдер жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. 2007 жылы Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған Қасым Аманжолов атындағы облыстық «Боламын ақын Қасым әлі де мен» атты ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. 2011 жылы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» атты республикалық жыр мүшәйрасының І орын иегері. Бірнеше аймақтық, облыстық, республикалық басылымда және сайттар мен порталдарда өлеңдер топтамасы жарық көрді. 2013 жылы «Жанарымдағы жазулар» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Дәл сол жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жастар орталығының ұйымдастыруымен шығармашылық кеші өтті. Шығармашыл жастардың ХV халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Педагогика ғылымдарының магистрі. Қазіргі таңда академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады, – деп тоқталып өтті №15 кітапхана филиалының меңгерушісі Шакира Ахметова.
Кеш барысы еркін форматта өтті. Арқаның ақын қызы кітапхана оқырмандары қойған сұрақтарға барынша ашық, шынайы жауап беруге тырысты. Әдебиет әлеміне қалай келгенін айтып, естеліктерінен сыр шертті. Өзінің бақыты мен қуанышын әдебиеттен тапқан. «Әдебиет – ардың ісі» деп білетін Салтанат Смағұлтегі рухани болмысының байлығын ақшаға айырбастамаған. Кеш кейіпкері Салтанат Смағұлтегі жүзеге асып жатқан жоба үшін алғыс білдірді.
– Ақын болу – шарт емес. Құдай берген талантты халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау жолына арнау – міндет. Бүгінгі шарамыздың атауы да көңіл қуантады. Оқырмандарыммен жүздесу мені шабыттандырады. Жауапкершілік артқан халыққа құрметім биік. Көңілімді толқытып отырған шараға қарап қуанып қалдым. Өлеңдерімді жатқа оқыған жастардың ынта-жігеріне тәнті болдым. Өткен жылы Достық үйінде шығармашылық кешім өткізілді, сол кезде студент жастар өлеңдерімді жатқа оқыды. Ал кітапхананың кішкентай оқырмандары өлеңдерімді оқығаны өмірімде алғаш рет орын алып отыр, – деді кеш авторы, ақын Салтанат Смағұлтегі.
Арқаның ару қызы кеш барысында тыңдармандарының қолқа салуымен өзі жазған бір өлеңін оқып берді. Әсерлі. Жадымызда қалған сол жыры былайша өріледі:
Ерке едім…
Әлі де еркемін.
Кеудемді кеулейді көркем үн.
Талайды тәлкекке түсірген
Тағдырды маңдайдан шертемін.
Назды едім…
Әлі де наздымын.
Арзанға арбалмас аз күнім.
Сыбызғы үн – самал жел, содан соң
Сырлас қып алғанмын жаз гүлін.
Аңғал ем…
Әлі де аңғалмын.
Өзгерте алмады заңдар мың.
Ақынды әулие екен деп
Әуелде алданып қалғанмын.
Шүбәлі шындығым Хаққа әйгі,
Ақиқат арымды ақтайды.
Алалы-құлалы адамның
Айыбы арқама батпайды.
Жылағым келсе егер, күлемін,
Қуансам, бұзылар реңім.
Әркімдер әлдене дегенмен,
Мен жайлы мен ғана білемін…
Киелі Ақтоғай ауданы ақын-жазушыларға кенде емес. Ақын Салтанат Смағұлтегінің «Жанарымдағы жазулар» атты алғашқы жинағы демеушілердің көмегімен жарыққа шыққан. Екінші кітабы «Қарашығымдағы сағыныш» туындысы ұстаздарының демеушілігімен таралса, үшінші кітабы «Таңсәрі» жинағы мемлекеттік тапсырыспен шыққан. Айта кетейік, кеш кейіпкері «Көктемнің күмбірі» атты төртінші кітабы дайындық үстінде екеніне тоқталып өтті. Ақын кітаптарының басты ерекшелігі – кітаптарына енген өлеңдері басқа кітаптарында қайталанбайды. Аға буынның ақжолтай батасы мен бағасын алған ақын арудың жаңа кітабының тұсаукесері жақын арада халыққа жол тартады деп сенім білдіреміз. Шара соңында кітапханашылар оқырмандарға арналған кітап көрмесін таныстырды.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»