Тілсіз жаумен күрес

Қарағанды облысындағы ахуал күрделі деп танылды: су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға әскери қызметкерлердің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Барлық қажетті жұмыс жүргізілуде, дамбалар нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді.

ТЖ режимі жарияланған Қарағанды облысының аудандарындағы жағдай қазіргі уақытта біршама тұрақталып келеді, кей тұрғын үйіне қайтып келіп жатыр. Тілсіз жау тосыннан келген кезде, қарағандылық әскерилер де қарап қалмай, су тасқынының алдын алуға қатысты. Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің күштері мен құралдары Бұқар жырау, Нұра және Шет өңірлеріндегі су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды.

– Жергілікті атқарушы органдармен және Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп жұмыс істеу аясында су тасқынының алдын алуда тұрғындарға көмек көрсету үшін күштер мен құрылымдар дереу жолданды. Бірнеше күннен бері әскери қызметшілер елді мекендерді су басу қаупін азайту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр, бұл істің басы-қасында өзім бақылап жүрмін, – деп атап өтті «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Ержан Ибраев.

Әскери қызметкерлер су қаупі келер жерлерді нығайтып, суқоймаларға қап төсеу жұмыстарын жүргізуде. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдер барлығы бес мыңға жуық қап дайындап төседі, 150-ден астам адам мен 10 техника жұмылдырылды.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»