450 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНБАҚ
2024 жылы 450 мың шаршы метр аумақта зәулім үйлер бой көтермек. Осы жағымды жаңалықты Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы аппараттық кеңесте жеткізді.
Жалпы, Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс ауданында ғимараттар саны күн санап көбейіп келеді. Енді биыл барлық қаржыландыру көзі есебінен 450 мың шаршы метр жерге баспана салынбақ. Бұл – 3 442 пәтер пайдалануға беріледі деген сөз. Құрылыс өткен жылмен салыстырғанда 6% артқан. Өткен екі айда шамамен 90 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.
– Оның ішінде коммерциялық тұрғын үйдің үлесі 57%, ал мемлекеттік тұрғын үйдің үлесі 32%-ға жетпек. Жекеге берілетін тұрғын үйдің үлесі 11%-ды құрайды деп жоспарланып отыр, – дейді Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин.
Биыл Қарағанды, Балқаш және Теміртауда несиелік мақсаттағы сегіз үйді іске қосу жоспарлануда. Бұл Отбасы банкі арқылы кезекте тұрған 459 тұрғынның баспана мәселесін шешпек. Баспаналар әлеуметтік санаттағыларға да жалға беріледі. Облыстық бюджеттен Қарқаралы, Саран қалаларында үй салуға, ал Осакаров пен Шахан кенттерінде тұрғын үйлерді қайта жаңғыртуға қаражат бөлінген. Биыл Теміртау шаһарында 370-ке жуық отбасы жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілмек. Салынып жатқан үй саны көп болғанымен, сапасына қатысты түрлі сынның болатыны өтірік емес. Өңір басшысы атқарылатын жұмыстарды қадағалап, олардың сапасына назар аударатынын ескертті.
– Жұмыстың сапасы өте маңызды. Үстірт қарауды, жүрдім-бардым істеуді доғару керек. Пәтерлерді тапсырғаннан кейін көптеген сұрақ туындайды. Бұған жол бермеуіміз қажет. Ол үшін құрылыс сапалы атқарылуы тиіс, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев құрылыстың сапасын қадағалап, уақытылы пайдалануға беру үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.
Нұрәсем АХАН, «QH»