Батаменен ел көгерер…

Наурыз мейрамының арнайы күнтізбесі ұсынылғаны баршамызға белгілі. Оған сай әр күн белгілі бір тақырыпқа арналған. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі – бата.

Бата, тілек ақ дастарқан басында, түрлі тойда, жақсылықтарда айтылады. Осы орайда оқырмандарымызға халқымыздың тәрбиелік мәні жоғары асыл қазынасының бірі бата жайлы мәлімет беруді ұйғардық.

Алдымен батаға және оның түрлеріне тоқталсақ. Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру. Ақсақалдар үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға құлақ үлестіреді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз ұл жарымас» деген, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады. Қазақта батаны көбінесе келешегі алда жасөспірімдер сұрайды. Жақсылардың, көп жасағандардың, киелілердің, аузы дуалылардың батасын алуды жақсылыққа санап ырымдайтындар ертеде осындай адамдарға алыста болса да арнайы жіберетін.

Батаның тағы бір түрі – қонақасына, сойылған соғым басына, жиналған егінге, күздікке, жауын жаумаса тасаттыққа, түрлі жақсылыққа арналып жасалған той-томалақтарға, берілетін асқа, садақаға сойылатын малдарға берілетін бата. Мұнда батаны жасөспірімдер, балалардың сұрауы – шарт емес, үлкендердің де сұрай беруіне болады.

Қазақта батаның түрі көп. Әр адам өз білгенін айтса болады. Бірі «батыр бол» десе, бірі «бай бол», «ақылды бол», «ақ сақалды, сары тісті шал бол», тағы бірі «бәледен сақта» дейді.

Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойда т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныш кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып бата береді. Сондай-ақ қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілеу – халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Батаны көбіне көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер береді. Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай соған лайық бата-тілегі болады.

Бүгінгі таңда бата көбіне отбасына амандық, молшылық, жастарға өмір, бақыт, білім тілеу мазмұнында болып келеді.

Осы орайда қаламыздың 85 жастағы тұрғыны Сұлтанбек атаның үйіне барып, Наурыз мейрамы қарсаңында барша Қарағанды тұрғыны үшін бата алып қайттық.

Сұлтанбек Аленов 1939 жылдың 1 қаңтарында Жезқазған облысының Ұлытау ауданына қарасты Қаракеңгір совхозында дүниеге келген. Жас кезінде жабдықтаушы, механик, жүргізуші болып түрлі салада қызмет еткен. Сұлтанбек ата – тоғыз баланың әкесі, бүгінде Қарағанды қаласында тұрады.

– Бата – ежелден келе жатқан салт-дәстүріміздің бірі ғой. Бұрындары батаны көп еститін едік, бата беретін қарияларымыз да көп болатын. Кейін кеңес дәуірі кезінде салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге тыйым салына бастағаннан бұл үрдістің дамымай қалған жайы бар, тіпті бір кездері Құран да оқытпай қойған кездер болды. Көптеген батагөй қарияларымызды, соны насихаттаушыларды, зиялыларымызды қамап та тастады ғой. Сол себепті бата беру дәстүріміз аздап ақсап қалды. Өзіме келер болсақ, маған батаны ешкім үйретпеді, өзім жаттап үйреніп алдым. Егде жасқа келген соң қол жайып бата бере білген жөн ғой. Бүгінде үйге қонақтар келсе, сырттағы той-томалақтарға барсам да жастарға, жалпы жұртшылыққа батамды беріп отырамын. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Халықтың денсаулығы мықты болсын, қуаныштары құтты болсын! Балалар бақытты болсын, тілеген тілектеріне жетсін! Уайым-қайғылары жоқ болсын! Барша ауыз бекіткен мұсылмандардың оразасы қабыл болсын! Олай болса қол жайып батамды қабыл алыңдар.

Бисмилләһи-р-рахмани-р-рахим!

Уа, Жаратқан Ием, құдірет!

Тілегімізді қабыл ет,

Иманымызды кәміл ет!

Достың көңілін аша гөр,

Дұшпанның көңілін баса гөр!

Тозақтағы оттан қақ,

Ниеті қара жаттан қақ,

Нәсіп бергей, жоқтан қақ!

Әділдікті бұрғаннан сақта,

Қайырымсыз туғаннан сақта!

Өтпес пышақ, шабан атыңнан сақта,

Көкдауыл шайпау қатыннан сақта!

Қоғамды жеген қастардан сақта,

Шарапқұмар мастардан сақта,

Қарт сыйламас жастардан сақта!

Қарны тойып есірген шақта

Нанды тепкен кесірден сақта!

Кеудесін керген келіннен сақта,

Мезгілсіз келген өлімнен сақта!

Татымсыз тұздан сақта,

Ұятсыз қыздан сақта!

Жігіттің аңқауынан сақта,

Жастардың жалқауынан сақта!

Үлкенінде нақыл жоқ,

Кішісінде ақыл жоқ,

Ағайынның бітпес дауынан сақта!

Уа, Құдайым!

Ұл берсең білікті қып бер,

Қыз берсең көрікті қып бер,

Келін берсең келісті қып бер!

Мінер ат берсең желісті қып бер,

Ағаш берсең жемісті қып бер!

Төрт түлік мал аулаға толсын,

Арпа-бидай қамбаға толсын!

Ел дәулеті өрлей берсін,

Жас ұрпақ соғыс көрмей өссін!

Жақсылыққа жанымыз асық болсын!

Е, Құдайым оңдасын,

Қызыр келіп қолдасын,

Бас аман, мал түгел боп,

Береке-бірлік орнасын!

Дастарқаның бай болсын,

Пейілің соған сай болсын.

Үй ішінде ұйым болсын,

Үйіңде күнде жиын болсын.

Биік болып мәртебең,

Топ ішінде сыйың болсын,

Ауызбірлік мықты боп,

Жаман жолдан тыйым болсын.

Қонақ күтер күйің болсын,

Алты бөлме үйің болсын.

Осының бәрін рет-ретімен келтірер

Бастарыңда миың болсын!

Осы айтқан ақ тілегім періштенің құлағына шалынып келсін,

Осы айтқаным келсе, бәрекелді дерсің.

Әумин! – деп Сұлтанбек ата барша қала тұрғындарына бата берді.

Халқымыздың «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сөзі тегін айтылмаған. Қариясы бар шаңырақтың ырысы артық, несібесі мол, қарт кісілердің отырған үйінде береке-бірлік болады. Қарттарын құрмет тұтып, ақсақалдарын ардақтай білген елдің баласы өткенді бағалауға, бүгінін саралауға құмар болады. Үлкенге ілтипат көрсеткен жастың өзі де өсе келе сондай құрметке ие болады. Олай болса редакциямыздың атынан Сұлтанбек атаға зор денсаулық тілейміз. Аман болып, арамызда осылай жастарға бата беріп, жөн сілтеп жүре беріңіз! Наурыз мейрамы сіздің шаңыраққа да құт-береке алып келсін!

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»