ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН КҮРЕС

Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасы институтын сақтап қалу. Статистикаға қарағанда, қазір үйленген жұптардың 34,4%-ы ажырасып кетеді. Сонымен қатар соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері өскен. Мұның барлығы сол отбасындағы баланың да психологиясына әсер етпей қоймайды. Осы проблемаларды ескере отырып елде ұлттық құндылықтар негізінде ата-аналарға психологиялық, педагогикалық қолдау көрсететін орталықтар ашылуда.

Қарағанды қаласының №14 мектеп-гимназиясында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында жұмысын бастады. Қазіргі таңда барлық білім беру мекемесінде 1 қыркүйектен бастап Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысы жүріп жатыр. Маңызы бар жобаның міндеті – балалардың әл-ауқатына жауапты ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамыту.
– Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысында психологтер де қамтылған. Содан кейін тәлімгер бар, аға тәлімгер дейміз, олар да қамтылған. Жалпы айтқанда, мектеп директорынан бастап барлық ұжым осы Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысына қатысады. Сабақтардың қалай өтетініне келсек, мұнда 1-4, 5-9 және 10-11 сынып ата-аналарына ай сайын буын-буынымен дәріс оқылады, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Тілеубаев.
Ата-аналарға арналған тақырыптардың өзі мазмұнды, әрі қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді қозғайды. Мәселен: «Ақыл айтпа – жол көрсет», «Құмаройындар – тәуелділік қақпаны», «Бұлақ көрсең – көзін аш». Ата-аналармен жұмыс жүргізетін педагогтер де ата-аналар арасындағы қызығушылықтың жоғары екенін алға тартады.
– Ата-аналарға жол көрсету мақсатында тренинг сабақтар өткізіледі. Одан кейін «Ақ пен қараны ажырату» тақырыбында да тренинг сабақтар өткізілді. Қазір интернет заманы болғандықтан, интернеттегі балалар буллинг, кибербуллингіге ұшырамас үшін, ата-аналарға түсініктеме берілді. Ол жерде ойын түрінде топтық жұмыс, сондай-ақ түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Ата-аналар белсенді қатысады мұндай жұмыстарға және қызығушылық танытады, тренингілерге көптеп келеді, – дейді мектеп мұғалімі Айнұр Акубаева.
Соңғы жылдары ата-аналардың бала оқуына деген қызығушылығы күрт төмендеген. Айталық, 42%-ы мектепке бармайтын болса, 30%-ы өте сирек барады не мүлдем қызықпайды. Отбасы институтындағы құндылықтардың төмендеуі, отбасы құруды және ата-ана болуды жоспарлауға бейқам қарау – мұның барлығы ата-ана мен бала қарым-қатынасының құлдырауына әкеледі. Орталық жоспарында «Даналық мектебі» клубының «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» сияқты секциялары арқылы ата-аналармен жұмыс жасау бар. Осылайша тәрбие ошағы ата-ана, мектеп, оқушы арасындағы қарым-қатынасты нығайтады, ұлттық тәрбие қалыптастырады.