Ұлттық құндылықтарды жаңғырту орталығы
Қарағанды қаласының Сұрыптау елді мекенінде орналасқан «Теміржолшылар» мәдениет сарайында «Жеті қазынам» ұлттық құндылықтарды жаңғырту орталығы жұмыс істей бастады. Орталықтың ашылуы алда келе жатқан Алғыс айту күні мен Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған.
«Теміржолшылар» мәдениет сарайының екінші қабатында қонақтарды «Арғынғазы» үлгілі домбырашылар қарсы алып, жұртшылық назарына қолөнершілер көрмесі ұсынылды.
Орталықтың ашылуында келушілерге орталықтың жұмысы, нақты айтқанда, қолданбалы шығармашылық (тоқыма тоқу, жіп иіру, киіз басу, кесте тігу, іс тігу, әшекей бұйымдар жасау, қамшы өру, киіз үй құру және оның құрылымымен танысу) көрсетілді.
Онда балалар мен ересектерді халық қолөнерімен, ұлттық ойындармен, киіз үй құрылғыларымен, ат әбзелдерімен және т.б. таныстырады.
– Жеті – қазақ халқы үшін киелі сан. Ата-бабамыз жеті санын қастерлеп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, ата заңдарына арқау етіп келген. Мысалы, қазақтың дәстүрлі дүниетанымында «жеті қазына» деген ерекше ұғым бар. Сол себепті орталық атауын «Жеті қазынам» деп атадық. Орталықта қыздарға жіп иіруді, кесте тігуді, тоқуды, бисермен жұмыс істеуді, тігін машинасымен тігуді үйретеміз, ал ұлдарға киіз үй бөлшектерін, оны қалай бұзуға және жинауға болатынын меңгертіп, ат әбзелімен таныстырамыз. Балаларды сегіз жастан бастап қабылдаймыз. Бірақ ересектерге де есік ашық. Жас шектеуі жоқ. Балалар жасаған жұмыстар болашақта жәрмеңке немесе көрмелерге қойылатын болады, сондай-ақ асық ойындары да, басқа да ұлттық ойындарымыз балаларға түсіндіріліп, жұмыс арасында, сергіту сабақтары кезінде ойнатылады, – деді орталық басшысы Алмагүл Атенқызы.
Іс-шараға Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова қатысып, орталықтың дамуына табыс тіледі. Сонымен қатар Қарағанды облысының Мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Қанафина Индира Бақытқызы қонақ ретінде қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Еркебұлан Жұмакенов Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының атынан таза былғарыдан жасалған қолөнер бұйымын сыйға тартты.
Салтанатты ашылу рәсімінде таспа қию құрметі Алмагүл Атенқызының әкесі Мәкен ақсақалға және екінші анасы Қарлығаш апамызға ұсынылды. Үлкендер бата беріп, онан әрі көрермендер залында концерттік бағдарлама жалғасты. «Теміржолшылар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы ұсынған концерттік бағдарлама көрермендер көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Атап өтейік, жаңадан ашылған орталық жұмысының басты мақсаты – ұлттық кодты сақтау, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлер мен халықтық әдет-ғұрыптарды насихаттау, қоғамның мәдени деңгейі мен рухын арттыру, қазақ халық қолөнері мен қолданбалы шығармашылығын дамыту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және орталыққа түрлі жастағы қатысушыларды тарту.