Жылу сыйла…
Соңғы күндері аяз күшейіп тұр. Дегенмен күннің суығына қарамастан қаламыздың коммуналдық қызметтері тынымсыз еңбек етуде. Осыған орай қарағандылық еріктілер қайырымдылық акциясын өткізуді қолға алған екен.
Қарағанды қаласының «Kind_QJ» жастар ресурстық орталығының еріктілер корпусы игі акция бастады. Олар коммуналдық қызметкерлер мен тұрғындарға ыстық шай мен бауырсақ тарату арқылы «Жылу сыйла» акциясын өткізуде.
Осылайша қатты аязға қарамастан еріктілер мейірімді де жылы атмосфера қалыптастырып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
– Шараның алғашқы күні барлығы 7 волонтер қатысты. Олар қаламыздың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде коммуналдық қызметкерлер мен тұрғындарға ыстық шай мен бауырсақ таратты. Бұл күні барлығы 70-ке жуық адам қамтылды. «Жылу сыйла» акциясы бүгінде қала орталығында жалғасуда. Акция аяз басылғанша жалғаспақ. Шараны ұйымдастыруға демеушілік көмек көрсеткені үшін «Jarqyn bolashaq» ҚБ төрағасы Сұлтан Шаймағанбетке алғыс айтамыз, – дейді қалалық ЖРО.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»