Елу мың текше метрден астам қар шығарылды

Қарағандыда қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режимінде қызмет етуде. Соңғы тәулікте шаһардан 50 мың текше метрден астам қар шығарылды.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 12-18 ақпан аралығында Қарағандыда 10,2 мм қар түскен. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс режиміне көшті.
«Облыстағы автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау аясында Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында мердігерлер жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын тазалау, қар шығару жұмыстарын жүргізуде. Жолдарды күтіп ұстау асфальт-бетонды жабыны бар жолдарды, соның ішінде жеке сектордағы жолдарды қамтиды. Асфальт-бетон жабыны жоқ жер ол тізімге енгізілмейді, дегенмен аудан әкімінің аппараты келіп түскен өтініштерге орай жол жүруге мүмкіндік жасайды. Барлығы ауданнан 29 400 м³ қар шығарылды», – делінген Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпарда.
Қазыбек би ауданында күніне 125 арнайы техника және 80 жол жұмысшысы жұмыс істеуде. Жұмыс күндіз-түні екі ауысымда жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте олар автобус маршруттары өтетін негізгі магистральдарды қардан тазартады, қоғамдық көлік кіретін аялдама қалталарын, тротуарларды, жаяу жүргіншілер өткелдерін және т.б. тазалайды. Жалпы, осы уақытқа дейін ауданнан 25 мың текше метр қар шығарылған.
Қала әкімдігінде жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Біріншіден, техника жолдар мен тротуарлар қарын сыпырады. Содан кейін қар үйінділері қала сыртына шығарылады.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»