Атқарып жатқан жұмыс – болашақ кепілі
Шағын қалашықтан еліміздің ірі индустриалды орталығына айналған Қарағанды халқының өмірі көмір кеніштерімен тығыз байланысты екені белгілі. Дегенмен кеншілер қаласы бүгінде өндірісі мен өнеркәсібі ғана емес, өнері мен мәдениеті де қатар дамыған қалаға айналған. Қала күні қарсаңында Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Мұратұлы Кожуховпен тынымсыз қала тіршілігіне тағы бір шолу жасаған едік.
– Мейрам Мұратұлы, еліміздің индустриалдық жүрегі мен тірегі, өндірісі өрлеген, рухы төрлеген киелі өңір Қарағанды қаласының 10 ақпан күні 90 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл қаламен өз өміріңізді қалай байланыстырасыз? Алдағы тынымсыз еңбек ырғағы жайына да тоқтала кетсеңіз?
– Әуелгі айтарым – мен Қарағанды облысының тумасымын. Менің балалық шағым, жастық шағым осында өтті, осында жұмыс істеймін, отбасым да осында, балаларым да осында оқиды.
– Болашақ Қарағандыны қалай елестете аламыз?
– Барлығы 45-орамдағы халық арасында «гармошка» деп танылып кеткен үйдің төбесіндегі «Қарағандыда – үлгілі тәртіп, жоғары мәдениет» деген аты аңызға айналған жазуды біледі, алайда әлі де біз ұмтылуға тиіс нәрсе бар. Жалпы, мен Қарағандыны заманауи, жайлы, мәдени дамыған қала ретінде көремін. Бүгінде біз осыған ұмтылудамыз. Дегенмен тым озбай, ұзақмерзімді жоспарлар туралы сөйлесейік. Бүгінде біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жолдар салуға және бұрыннан бар жолдарды жөндеуге, жаңа әлеуметтік нысандар салуға, қоғамдық бақтарды абаттандыруға және жаңадан салуға, көптеген мәдени шара өткізуге және Қарағандының дамуы үшін көптеген іс атқаруға тырысудамыз. Бұл үшін менің алдымда болған қала әкімдері көп еңбек сіңірді, мен де тырысып жатырмын. Әкім ретінде мен үшін ең бастысы – әр үйде жылу, су, жарық, көшелерімізде жақсы жолдар болуы. Сондай-ақ толықтай қолжетімді арман бар, ол – қаламызды үш нәрсемен (асфальт, брусчатка және газон) қамту. Көшелерімізде шұңқыр болмасын. Міне, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жазда біз Федоров көпірі ауданында, Чкалов көшесі мен цирк маңында бірнеше аумақты көгалдандырдық. Олар жақсы жерсініп кетті.
Бұқар жырау даңғылының бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған аумақты брусчаткамен қаптағанымызды көрген шығарсыздар, қазір онда аз қозғалатын азаматтарымыз үшін шектеу жоқ, арбалы аналар оңай өтіп кетеді, әрі өте әдемі көрінеді.
Сондай-ақ тағы бір айта кетерім – біз автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге республика көлемінде бірінші болып ведомстволық сараптамадан өттік. Бұл дегеніміз – енді қала ішіндегі жолдарды жөндеу байқауына бір күндік немесе жол жөндеуде 5 жылдан аз тәжірибесі бар компаниялар қатыса алмайды. Бұл жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын және тек сенімді әрі кәсіби компаниялар жұмыс істейтінін білдіреді, жұмыс сапасы мен ұзақтығына әсер етеді.
Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы биыл да жалғасады.
Мұның барлығы болашақ үшін. Бүгінгі атқарып жатқан жұмыс – болашақ кепілі.
– Қазіргі таңда ең өзекті мәселе – өңірді жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықтардың көбі ескірген. Жөндеу жұмыстарына жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Қандай жұмыстар жасалып жатыр? Жергілікті тұрғындарды алаңдататын мәселе де – осы. Биыл қандай жұмыстарды қолға аласыздар?
– Қарағанды орталықтандырылған екі жылу көзімен қамтамасыз етілген: 1-ЖЭО және 3-ЖЭО. Өткен жылы қыста көршілерімізде қандай жағдай болғаны бәріміздің есімізде, сондықтан біз мұндай жағдайлардың алдын алуға тырысамыз, бірақ бәрі ойдағыдай болатынына кепілдік жоқ. Алайда біз тырысудамыз.
Жыл сайын жазда жылу беру маусымына дайындаламыз, қысымыз тұрақты болуы үшін барлығын жасаймыз. Өткен жылы біз көптеген апатты учаскені, клапандарды, іске қосу компенсаторларын және қозғалтқыш сорғыларын ауыстырдық. Мұның барлығы осы маусымның тұрақты өтуіне ықпал етеді. Мен былай айтайын: біз қажет деп санағанның бәрін және қаражатымыз жеткен нәрсенің барлығын жасадық. Кәсіпорындарымызды құрал-жабдықпен жабдықтадық, қызметкерлерді жоғалтпау үшін, былайша айтқанда, жалақы жағынан заман көшінен қалмауға тырысамыз. Бізде кәсіби жөндеу бригадалары бар, негізінен барлық жігіт коммуналдық саладан. Мен қала әкімінің орынбасары болып тұрған кезде, «КамАЗ» көлігі жылу трассасына соғылған оқиға болды. Сонда осынша ауыр апатты бір жарым сағатта шештік. Бұл – әрине, сонда жұмыс істейтін кәсіби ұжымның арқасы. Бір жарым сағатта олар мұндай апатты еңсеріп шықты. Дәл осындай сәттерде біз осындай мәселелерді тезірек шешуге бар күш-жігерімізді салатынымызға кепілдік беремін.
Көктемде жылу маусымы аяқталған сәтте, біз бірден келесі маусымға дайындықты бастаймыз. Жұмыс көп, жоспар бар.
Ең ірі жобалар туралы айтатын болсақ, бұл – М10 жылу магистралін қайта құру жұмыстарының жалғасы. Өткен маусымда 1,2 шақырым құбыр тартылды. Бұл жоба бізге желілердің апаттылығы мен тозуын нөлге дейін төмендетуге, жылу шығынын азайтуға, Степной-1, 2, 3, 4, Гүлдер-1, 2, Кең дала, Панель-орталық сияқты Оңтүстік-Шығыс шағынаудандарын сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ былтырдан бері 3-ЖЭО-дан келетін және Сортировка мен Пришахтинск қалаларын қамтамасыз ететін жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, нәтижесінде сапалы жылу болмақ.
Бұл – біз жалғастырып жатқан екі жоба. Сондай-ақ біз үнемі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.
Биылғы жылы қолға алатынымыз – 3-ЖЭО-дан бірінші кезектегі жылу магистралін қайта жаңғырту. Айта кету керек, мұндағы желілердің 90%-ы тозған. Бұл – Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты жылумен қамтамасыз ететін негізгі желі. Бұлар – сапалы жылумен қамту бағытында жоспарланған жұмыстардың аз ғана бөлігі.
Қазір қалада құрылыс қарқынды жүріп, қаламыз өсіп жатыр, ал бар жылу қуаты жеткіліксіз. Бұл жағдайды шешу үшін осыдан 3 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2021 жылы үшінші жылу көзін салу жөнінде ауқымды жобаны жүзеге асыру басталды. Оның жалпы ұзындығы 22 шақырым. Бүгінгі таңда 14 шақырымы аяқталды, бұл жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша салынып жатқан жаңа ғимараттарды сапалы жылумен қамтитын боламыз.
Газдандыру туралы қоса кетсем, бүгінгі таңда 3-іске қосу кешенінде құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтадық. Қазірдің өзінде 5 мыңнан астам жеке үйге газ тарату желілері қосылды. Қатты отыннан ауысуға болады, яғни көмірді экологиялық таза газға алмастыру. Азаматтарымызға ыңғайлы болу үшін үйлеріне газ желілерін тарту үшін пайызсыз бөліп төлеу қарастырылған, бұл туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқан болатынбыз.
– Иесіз қалған ит-мысықтарды уақытша ұстау орнының ашылғанын білеміз. Болашақта бұл жолмен қаладағы қаңғырған иттер мәселесін шеше аламыз ба?
– Биылғы жылы Саябақтар басқармасының демеушілігімен бюджеттен тыс қаражатты пайдаланып, қамқор кәсіпкерлеріміздің көмегімен панасыз жануарларға баспана салдық. Қазір бұл баспана қалалық ветеринарлық станцияның балансына берілді. Бұл мәселемен біздің кәсіби ветеринарлар айналысатын болады. Былай түсіндірейін: біз баспанаға 25 қоршау орнаттық, онда қызметкерлерге арналған блок және олар зарарсыздандыру және микрочиптеу жұмыстарын жүргізетін зертхана блогы бар. Тұрғындарымыз мұның жануарларды уақытша орналастыруға арналған баспана екенін түсінуі керек, барлық процедурадан кейін олар өз мекеніне оралады. Бұл – әлемдік тәжірибе.
– Сіздің қабылдауыңызға азаматтар қандай мәселелер көтеріп келеді?
– Апта сайын тұрғындармен кездесемін, сұрақтар әр түрлі. Оның ішінде аулаларды, жолдарды абаттандыру, тұрғын үй және әлеуметтік мәселелер бар. Біз заң шеңберінде көмектесуге тырысамыз.
– Іске асырылып жатқан мол жұмысқа бір мақала жетпейді. Біз де әңгімеге нүкте қояйық деп отырмыз. Қала күні мерекесі аясында көптеген мәдени-көпшілік шара өткізіледі. Халыққа рухани демалыс болады. Бұл шаралар жыл бойы жалғаса ма? Қала жұртшылығына қандай ізгі тілек арнайсыз?
– Иә, шынында да, қалада қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айту үшін бір мақаланың өзі аздық етеді.
Сүйікті қаламыздың 90 жылдығына орай жыл бойы түрлі шара өткізіледі. Осы сенбі, яғни 10 ақпанда мерейтой тойлауды бастаймыз. Кеншілер мәдениет сарайында қазақ эстрада жұлдыздарының «Қазыналы өлке Қарағанды» гала-концерті, лазерлік шоу және отшашу болады. Ақпан айындағы ауа райы көшеде іс-шара ұйымдастыруға мүмкіндік бермегендіктен, Қарағанды қаласының 90 жылдығын мерекелеуге арналған негізгі шара жазда Кеншілер күнінде өтеді деп шештік. Жыл бойы барлығы 150-ге жуық шара ұйымдастырылады. Іс-шара туралы хабарландыруларды әлеуметтік желілердегі ресми парақшамызда және қала сайтында жариялайтын боламыз.
Ең бастысы, ел аман болсын, ел ішінде бәріміз аман болайық. Халықтың ауызбірлігі бұзылмасын, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Ұрпағымызға өнеге көрсетіп, олардың бақытты болашағын жасауға атсалысайық.
Туған қаламызды болашақта еліміздегі ең көрікті, ең келбетті қаланың біріне айналдыру үшін еңбек етейік.