СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ РЫМКҮЛ

Менің Қарағанды қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне келгеніме жарты жылдай уақыт боп қалды. Бұл – зейнет жасына жеткен қала тұрғындары үшін калалық әкімдіктің бір керемет қамқорлығы, сыйы. Орталықтың бас кеңсесі қалалық саябақ аймағында орналасқан. Орталықты жас маман болғанымен Саян Жарылғапов ұршықтай үйіріп отыр, бұдан өзге Майқұдық, Пришахтинск, Оңтүстік-Шығыс, Сұрыптау бекеті елді мекендерінде филиалдар ашып, әрқайсысында отызға тарта тегін қызмет көрсетіледі. Орталықтың әрбір қызмет тұтынушысы өзінің қалауымен аптаның бес күні бойы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін бірнеше қызмет түрін пайдалана алатын мекеме.

Қызмет түрлерін тұтынушылар денсаулықтарын жақсарту мақсатында скандинавиялық жүрістен бастап, спорттық тренажерлерде Нариман және т.б. тренерлердің қадағалауымен жаттығулар жасайды. Оған қоса гимнастика, тоғызқұмалақ, шахмат, «Здоровая спина» деген фитнес бағдарлама, өзін-өзі қорғау, үстел теннисі, йога, тыныс алу гимнастикасы сияқты спорт түрлері де қарастырылған. Тоғызқұмалақтан Мейірман Манабаев жарыс өткізсе, біздің Рымкүл мен сырнайшымыз Гүлжан жүлдеден құр қалмайды.
Тіл үйренем деушілерге қазақ тілі мен ағылшын тілі сабақтары өтіп жатады.
Өнерге қызығушылық танытатындарға ұстаз Сәуле Хажай ұйымдастырған хор ұжымында жеке дауыста тағы Рымкүл қысылмай ән орындап бере салады. Ал домбырашы Маратбек Өнербек домбырадан сабақ береді, қатысушылардың кейбірі жаңадан бастап үйреніп жүргендер болса, екіншілері бұрыннан домбыра тарту дағдылары бар топтың өнерлерін жетілдіре түсіп, жаңа күйлерді үйретуде. Домбырашылар арасында «біздің Дина» деген атты Рымкүлге тауып қойған. Би үйрететін педагогтер Гауһар Хасенова да екі топпен (жаңадан үйреніп жүргендер және билеу дағдысы барлар) жұмыс істейді.
Тоғжан Сақабаева қызымыз есейіп кеткендерді компьютермен жұмыс істеуге, ІТ сауаттылыққа баулиды. Олар миға жақсы жүктеме беріп, қартаймауға себеп болады.
Қолөнермен айналысуды жақсы көретіндер осы бағытта арнайы қызмет көрсететін Лариса Пананоитидің қарамағында көздің жауын алатындай ерекше сәнді бұйымдар жасаумен шұғылданады.
Заңгер мен психологтің кеңесін қажет ететіндерге Дәулет Тұрдығұлов және Диана Досмағамбетованың қызметіне алдын ала жазылу арқылы жүгінуге болады.
Ұжым әкімшісі Ркен Зейтінованың сұрауымен орталықтың залында Міржақып Дулатұлы туралы төрт сериялы киноны Анастасия Еремей мен Шұғыла Кенжебаеваның арқасында көріп алдық. Әкімшілік музейге, концерттерге билет ұсынады, бірталай суретшінің еңбектерін залымызға алып келіп, өнертанушы лекция оқып, өзі ән салып беріп, викторина ойнатып тартымды көрме өткізді.
Жаңа жылды қарсы алу дискотекасыдна біздің ұжымның билетсіз қалмауына Ркен көп еңбек сіңірді. Бұл кешіміз Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Акишевтің қамқорлығы арқасында тамаша ұйымдастырылды.
Мақтауын жеткізе алмай жатқан орталығымда жан дүниеңді түсінетін, сыйласып, сырласып жүруге лайық құрдас болмасам да, заманым бір бауыр-сіңлілер баршылық. Өзіммен қатары – Оспан Байсеркин ғана. Бүгін осы сыйластарым арасынан Рымкүл Жакинаны жекеше сипаттап бермекші боп отырмын.
Бұл сіңлім екеуіміздің ортақ Зина-Қайша Нығманова деген ежелден танысымыз бар екен. Біздің үйдің іші Алғабас деген ауылға көшкенде, ол жерде жоғары кластар болмағандықтан, бұрынғы өзіміз тұрған Үлгі колхозында 1959 жылы 9-сыныпты Қайшаның әке-шешесінің үйінде жатып оқығаным бар. Содан кейін 10-сыныпты Қарағанды қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатында аяқтағам. Одан кейін оқуға түсіп, тұрмысқа шығып үйлі-баранды болғандықтан Үлгіге жолым түспеген. Бірақ сол бір жыл ішінде Қайшадан көрген жылылық пен әке-шешесінің мейірімін ұмыта алмай жүрдім. Теміртау қаласынан 30 жыл бойы көрмеген Қаншайым Нәбиева кластасымды кездестіріп, сұрай-сұрай сол Зинаны да таптым-ау! Астанада тұрады екен, былтыр, яғни 2023 жылы, 63 жылдан кейін Зинаны іздеп барып, 80 жасымен құттықтап, шапанымды жауып, көңілім бір жайланғаны бар. Сол Қайшамен қазіргі орталықтан тапқан сіңлім Рымкүл Саран қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеде бірге оқып, бір бөлмеде жатып, бір үйдің баласындай болған екен. Жаны жайсаң адамдардың, әрине, туыстай болып кетуі – заңдылық. Осыдан кейін Рымкүлді өзіме сіңлімдей жақын тартып кеттім.
Рымкүл 1961 жылы өзінің Бесоба мектебінің 7 сыныбын аяқтап, Саран педагогикалық училищесіне оқуға түскен, осы педучилищенің түлектеріне тән сегіз қырлы, бір сырлы жан. Саран педучилищесін бітіргендерге менің ілтипатым ерекше, таяуда ғана немерем арқылы құдағи болған Гүлден де – сол жерден түлеп ұшқан, кереметтей мақтауға лайық ару ана.
Рымкүлім ол оқу орнын бітіре салысымен өз ауылына 18 жастағы жас ұстаз ретінде оралады. Ал 20 жасқа толғанында Бесоба ауылының Сағындық Идрисов деген азаматына тұрмысқа шығып, тату-тәтті өмір сүрген. Ол жүргізуші ретіндегі адал еңбегінің арқасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған, сол кездің өзінде алыс сапарларға жүріп тұрған еңбек майталманы болған. Сағындық та текті жерден шыққан, әкесі «Еңбек Қызыл Ту» орденді шахтер болған. Ата-енесінің қамқорлығы арқасында Рымкүл балаға алаң болмай, қызметін абыроймен атқарып, Евней Бөкетов атындағы университетке сырттай оқуға түсіп, жоғары білім де алған. Сондықтан келін Рымкүл ата-енесін зор құрметпен есіне алып отырады. Жұбайымен екеуі өмірге алты перзент әкелгенімен, қазір екеуін Алла өз панасына алған. Тәубе, балалары оқуларын бітіріп, мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Рымкүлдің еңбек жолында кездескен ұстаздардың білімдерін жақсы бағалай білетін Сағындық Батқұлдин деген жаңашыл мектеп директорының басшылығы оның еңбегін жандандыра түскен. Бұл мектеп аудан бойынша оқу-тәрбие процесінде жаңашыл-тәжірибелі, тірек мектебі болып табылды. Сондықтан оқыту тәжірибелерін өткізіп, жаңа, тың тақырыптық алмасулар жүргізіліп тұратын болған.
Жаңалыққа жаны құмар Рымкүл сабақтарын жаңашыл ұстаз-педагогтердің әдістемелерімен жүргізіп, өзі қолдан көрнекі материалдар дайындаумен қызықты өткізіп жүреді. «Жыл мұғалімі» конкурстарына қатысып, абыройлы атақты жеңіп алады. Алматы қаласындағы Білім жетілдіру институтының «Лекторлар» курсына қатысып, «Алты жастағы балаларды оқыту» әдістемелік тәжірибесін бөліседі. Жыл сайын өтіп тұратын тамыз конференциясында «Үздік ұстаз» ретінде баяндама жасап жүрген.
31 жыл бойы ұстаздық еткен Рымкүл «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» кітабына енген, «Даралап, дифференциалды оқыту» проблемасы бағытында жұмыс істеген, сабақтарында жаңашыл ұстаз-педагогтер С.Лысенкованың, П.Эрдичевтің, Ш.Амонашвилидің әдістерін тиімді пайдалана білген. Ол сабақтарында өзі дайындаған көрнекі құралдарды, құрастырған кестелері мен суретті альбомдарын ұтымды пайдалана білген. Облыстық, аудандық педоқуларға қатысып, «Математика сабақтарында оқушылардың ойлау қабілетін дамыту» тақырыбы бойынша Рымкүлдің тәжірибесі аудан және облыс көлеміне таратылады. Аудандық семинарларда, облыстық «Халық педагогикасын сабақтарда қолдану» ҒПК-да баяндама жасаған. Оның іс-тәжірибесінің материалдары әдістемелік журналдарға басылып шыққан. 1982 ж. 15 маусымдағы Қазақ КСР Оқу министрінің №55 бұйрығымен «АҒА МҰҒАЛІМ» атағы, Қарағанды облыстық оқу бөлімінің 01.07.1897 ж. №486 бұйрығымен «АҒА МҰҒАЛІМ» атағы, Жоғарғы Кеңес Президиумы 01.07.1897 ж. «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалі, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогы, 25.10.2023 ж. Республика күнінің құрметіне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың АЛҒЫСХАТЫМЕН марапатталған.

Ұстаздан шәкірт озу да заңдылық болса, Рымкүлдің мақтанарлық шәкірттері баршылық. Оларды тізіп шығудың өзі газеттің бірталай аумағын алып қоятындай. Бірнеше мектеп директорлары, оқу-ісінің меңгерушілері, ұлттық гвардияның полковнигі, подполковнигі, балалар дәрігері сияқты әр түрлі мамандық иелері ұстаз Рымкүлдің алдынан өткен. Солардың біразы әлі де ұстаздарымен хабарласып тұрады. Шәкірттерінің лебіздерін де келтіре берсек, оқырманым жалығып, шаршап кетер. Тек бір-екі сөйлемнен тұратын үзіндінің өзі қандай құрметті ұстаз болғанын дәлелдеп береді.
«…Электронды үкіметті дамыту, ХҚКО жұмысын жақсарту мақсатында әлемдегі көшбасшы елдер Сингапур, Корея, Эстонияға барып тәлімдемеден өтіп, тәжірибе алмастық. …Пандемия жайлаған жылдары интернет пен электронды үкімет қызметіне сұраныстың еселеп артуына байланысты Президент «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қайта пысықтауға тапсырма берді. Сондықтан министрдің тапсырмасымен 2020 жылдың көктемінен бастап «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын мониторингілеу департаментіне директор болып тағайындалдым.
Менің шетелде білім алып, қызметте жетістікке жетуіме бірден-бір себепкер, жүрегі жылы, көңілі дарқан Рымкүл ұстазыма құрметпен басымды иіп, алғысымды білдіремін. Ұстазыма зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақыт-береке тілеймін», – деп ағынан жарылған екен шәкірті Әлия Қоянбайқызы Сағынбекова.
Жеке отбасы туралы пікірді тілге тиек етсек, сіңлім жаны шуақты, өте мейірімді ана, әз әже! Келіндеріне білгендерін үйретуден жалықпайтын, өзінің оқытып келе жатқан сыныбын Жанар келініне сеніп тапсыруы да тегіннен-тегін емес. Балалары Хакім, Гүлсая, Ерлан, Гүлназира – барлығы да жоғары білімді, тәрбиелі, әулеттің дәстүрін жалғастырушылар. Немерелерінің арасында да ұстаздық мамандығын таңдағандар бар. Құда-құдағиларымен сыйластығы да үлгі боларлықтай.
Рымкүлдің әңгімелерін тыңдап отырсаң, Бесобаға ана біздің Самат құда мен Рима құдағи болсын, телередактор Гүлбақша болсын, тағы өзі айта берсе тауысып бітіре алмайтындай ылғи жақсы мен жайсаңдар жиналған екен деген ойға қаласың. «Өзі жақсы адамға жоқ жерде екі кісілік орын бар» деп Рымкүлдей адамды айтатын шығар, тегінде. Ауылын тек сүйіспеншілікпен есіне алатыны, ауылын қимайтыны желдей есіп тұрады.
Өздері зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қарағандыға көшіп келіп, қаланың жайлы өміріне бейімделіп, осы орталыққа 2022 жылдың 5 маусымынан бастап тіркеліп, спорт жабдықтарында жаттығып, йога жаттығуларын жасап, домбырасын тартып, хорға қатысып, жеке ән де шырқап жүрген жайы бар. Салауатты өмір салтын насихаттаушы ретінде өнеге алуға тұрарлық тұлға.
Өмір бойы кітаппен дос болған Рымкүл – Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы, «Замандастар» клубының мүшесі, кітапханада өтетін әрбір іс-шарадан қалмай үлес қосып жүреді. Өзі ғана оқырман емес, төрт бірдей немересін де сол кітапхана оқырманы ретінде тіркеп, «Айгөлек», «Балдырған» журналдарын бірге оқып, оларды кітап оқуға баулып жүрген әз әже. Осыншама тірлікті шөбере бағумен ұштастыруы да – әркімнің қолынан келе бермейтін пысықтық. Немере келінін жұмыстан қалдырмай шөбереге ие болып, екі жасқа дейін бағып-қағып, енді балабақшаға жеткізіп берді. Шөберенің алақанынан май жалаған Рымкүл – бақыттылардың арасындағы ең бақытты асыл ӘЖЕ!
Мен Рымкүл сіңлімді өзіміздің ұжымның атынан туған күнімен құттықтаймын. Арамызды гүлдендіріп ұзақ жаса, жаным!
Смаилова Рымбала Кенжебайқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
еңбек ардагері