АЛАШ ТАҒЫЛЫМЫ – САЛИҚАЛЫ ҰРПАҚ КЕПІЛІ

Өндіріс ордасы Қарағанды қаласы тек қара алтынымен ғана емес, рухани қазынасымен де бағалы. Шежірелі аймақ ел қамын ойлаған талай-талай айбынды тұлға тәрбиелеп шығарған. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Ал Алаш идеясы азаттық, адамдық, адалдықты дәріптейді. Қазіргі қоғамдағы жастар үшін бұл қасиеттердің керек екені анық.

Біршама уақыттан бері өңірде дәстүрлі түрде «Алаш айлығы» өткізіліп келеді. Осы жоба аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті химия және химиялық технологиялар кафедрасының ғимаратында дөңгелек үстел өтті. Кафедраның аға оқытушылары бас болып ұйымдастырып, келелі кеңеске студент жастарды жинады. Шараға Тілеуғалы Әміртайұлы, Тұңғышбай Мұқан, Сәуле Қасымова, Бахредден Нұғман сынды өлкетанушы, тарихшы игі жақсылар қатысты. Дөңгелек үстелде олар «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі жайлы кітап беттерінде жиі жазыла бермейтін тың деректерін бөлісті.
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, елдікті сақтау, ұлтты ұйыстыру еді. Елдікті ерлікпен сақтайтын заман өтті. Қазіргі жарық жылдамдығымен дамыған ақпараттық заманда ғылыммен, біліммен ғана алға шығуға болады. Ел болашағы жастардың қолында. Осыған орай қоғамда жиі қозғалатын ұрпақ тәрбиелеу мәселесі туралы да сөз қозғалды. Бүгінгі күн ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беруді талап етеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына әлеуметтік желінің әлеуеті орасан зор болып тұр. Бала санасын бейәдеп сөзбен улап, жеткіншектерді жетегіне ерткен зиянды контенттер де жетерлік. Дөңгелек үстелде бұл туралы жастар да іркілмей өз пікірін айтып ішкі толқыныстарын бөлісті.
«Алаш», осы төрт-ақ әріптен құралған мазмұны терең елеулі сөз, былай қарасаң, айтуға оңай. Алайда осы сөздің астарында қисапсыз қасірет, ұлты үшін құрбан болған қазақ зиялыларының қиын тағдыры, қазақ халқының тарихы жатыр. «Алаш» – Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілік мүддесінің үзілмеген арқауы. Шараға қатысқан ардагерлер Алаш қайраткерлерінің өмірін, өткен жолын баяндап, өз өлең шумақтарын оқып берді.

Былтыр айлық аясында Қарағанды қаласының білім беру ұйымдарында «Тәуелсіздік – Алаш ұрпағы» тақырыбында іс-шаралар, қаламыздың 20 кітапхана жүйесінде кітап көрмелері, белгілі алаштанушы ғалымдардың студент жастармен арнайы кездесуі, дәрістер мен дебаттар өткізілді. Алаш қозғалысының 105 жылдығынан бастау алған жоба алдағы күні де жалғасын тапса деген тілек бар.
Жақсыбаева Мақпал Елдосқызы
Мукархан Кулия
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-нің Химия және
химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушылары.