ҚАРАҒАНДЫДА ТЕРМОЖЫЛЫЖАЙ АШЫЛДЫ


Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті биология-география факультетінің аумағында жерасты терможылыжайы ашылды. Терможылыжай жұмысын бір ай бұрын бастаған. Қазірдің өзінде онда отырғызылған көшеттер алғашқы өнімін бере бастапты. Алдағы уақытта онда қарбыз, орхидея және ағаш көшеттерін өсіру жоспарлануда. Жылыжай жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев танысып қайтты.
Терможылыжай жер астында, шамамен бес метр тереңдікте салынған. Жер бетіне оның 80 см ғана шығып тұр. Өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан оқшаулауға мүмкіндік береді. Сыртта -28 аяз болса да, іште +25 температураны ұстап тұрады. Оның ауданы 270 шаршы метр. Құрылысқа 200 млн теңге қаржы құйылған.
Сонымен қатар жылыжай маңынан арнайы дендрарий саябақ салынған. Онда Орталық Қазақстанға бейімделген 700-ге жуық ағаш отырғызылған. Көшеттер терможылыжайда өскін шығарып, әрі қарай саябаққа егіледі. Ал тамыры қатайған кезде, қаланы көгалдандыруға қолданылмақ.
– Қала сыртында 1930 жылдары салынған ағаштар әлі өсіп тұр. Ал кейіннен егілген көшеттер жылға жетпей солып қалып жатыр. Мұның бірден-бір себебі – жерсінбеу. Біз осы мәселені дендрарий саябақ арқылы шешкіміз келеді. Қазір барынша біздің климатқа бейімделген түрлерін іріктеуге тырысып жатырмыз, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.
Алдағы уақытта мұнда көкөністер мен микроөскіндер өсіріп қана қоймай, агротехнологияларды дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндірістік база құру жоспарға алынған.
– Бұл – біздің ғалымдар 15 жылдан астам армандаған Қарағанды облысындағы жалғыз терможылыжай. Бастапқыда жер бетіндегі жылыжай салу жоспарланған болатын, бірақ ол эргономика тұрғысынан тиімсіз боп шықты. Сол кезде біз Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттедік, өйткені олардың климаты біздікіне ұқсас және Ұлытау облысында да осындай жылыжай бар екенін білдік. Сол жаққа барып таныстық, есептеп көрдік. Енді, міне, өз жылыжайымызды таныстырып жатырмыз, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.
Мұнда өсірілген қияр, қызанақ және шөптер университет асханаларында қолданылатынын айтты оқу орталығының басшылығы. Ал гүлдер мен ағаш көшеттері оқу орны аумақтарын көгалдандыру үшін, сондай-ақ қаланы безендіру үшін өсіріледі деп жоспарланған.
– Жаңа жылдан кейін біз бақша көкөністерін өсіруді қолға алмақпыз. Қазір қарбыз өсіріп сынап көріп жатырмыз. Әзірге бәрі жақсы тамырланып өсіп келеді. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, сондай-ақ күтімді талап ететін орхидеяларды отырғызамыз. Дегенмен көкөніс егудің де қиындықтары бар. Біз қиярдың бірнеше сортын сынап көрдік, оның ішінде тек герман қияры ғана жерсінді. Микроөскін мен көкөністен студенттер асханада ішетін смузи дайындаймыз. Болашақта мұны кәсіпке айналдырсақ деген де ниет бар, – дейді Биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің жетекшісі Маргарита Ишмуратова.
Микроөскіндерді өсіру жобасын ҚарУ түлегі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Арайлым Серікбай табысты жүзеге асыруда. Былтыр ол «Вермикультура әдісімен биогумус бойынша модельдік учаске құру және жастарға тәжірибе тарату» бизнес-жобасымен қала әкімінің грантын ұтып алыпты. Осы арқылы ғылым мен бизнесті ұштастырып, экологиялық бағыттағы жобаларды қолға алған. Жас ғалым терможылыжайда «BioHumusKZ» деген атаумен жастар мен ересектерге арналған алғашқы ғылыми-білім беру орталығын ашқан.
– Бізде сатылымда арнайы жас агроном box-ы шығарылады. Онда балалар микроөскіндерді өздері күтіп-баптап өсіру үшін қажет заттар топтамасы бар. Қазіргі жастарда артық салмақ, смартфонға деген тәуелділік көп. Өзім де екі баланың анасымын. Сондықтан оның алдын алу жолдарының бірі осындай ғылымға, білімге деген құштарлықтарын ояту деп ойлаймын. Біз шығаратын өнімдердің барлығы табиғи таза әрі құнарлы. Арықтап жатқан немесе спорттық диета ұстанатын адамдарға да тұтынуға болады. Мұндай орталық ашуды бұрыннан бері армандайтынмын. Бұл жерде бес адам жұмыс істейді. Сонымен қатар студенттерді тегін практикадан өткіземіз, – дейді жаратылыстану ғылымдарының магистрі Арайлым Серікбай.
Қазір кәсіпкердің өнім тасымалдауға арнайы 3 жылдық сертификаты бар. Орталықта айына 500 дана микроөскін шығарылады. Одан бөлек смузи, иммунитет тұзы, сусындар да жасап, оларды сатылымға қойған. Ол өз өнімдерін қала супермаркеттерінің біріне және екі асханаға жеткізеді.