Кеншілерге – арнайы төлем
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев кәсіподақ жетекшілері қатысқан кездесуде ұзақ уақыт бойы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін кеншілерге арнайы әлеуметтік төлем белгілеу қажет екенін айтты.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау үшін заң жобасы әзірленді. Оны түсіндіру мақсатында министр кеншілер тобымен және кәсіподақтармен кездесті. Бірақ сұрақтар әлі де қойылып жатыр. Біз министрді арнайы шақырдық, сіздер барлық сұраққа тікелей жауап алу үшін шақырдық, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.
Светлана Жақыпова заң жобасын Мәжіліс қабылдағанын және ҚР Парламенті Сенатының қарауында екенін айтты. Оның айтуынша, бірнеше жұмыс тобы өткен және жақын арада Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі бас комитетте қаралады деп күтілуде.
– Арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың міндетті шартында 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіби зейнетақы аударымдарының болуы талап етіледі. Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше құрамдас бөліктен тұрады және төрт көзден жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен екі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы, өмірді сақтандыру компанияларынан 1 ӨМ мөлшерінде, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ӨМ мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Сондай-ақ қызметкерлерге БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары есебінен қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып төлем алу құқығы беріледі, – деп түсіндірді Светлана Жақыпова.
Ол арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін қазақстандықтарға жүктелетінін атап өтті. Алдын ала есептеуге қарағанда, арнайы төлем 2024 жылы орта есеппен 208 мың теңге шамасында болады. Әрбір қызметкер үшін оның мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болмақ. Болашақта күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты сома жыл сайын өседі.
Төлем зейнет жасына дейін жасалады деп көзделеді. Арнайы төлем алу үшін зиянды еңбек жағдайына байланысты жұмыстан кету керек. Бұл ретте жеңіл жұмысқа ауысуға жол беріледі, бұл жағдайда жалақыға төлем қосылады. Министр кеншілердің барлық сұрағына жауап берді.