ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ

2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті.

20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалды: Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар. Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.

Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді, 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін.

Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды. Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі болып табылатын туудың жиынтық коэффициенті* 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы құрады.

Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде – 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады.

Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.

* Репродуктивті кезеңде бір әйелдің орташа есеппен қанша рет бала туатынын көрсететін коэффициент.