Мәлік Имашевқа ескерткіш тақта орнатылды
Қаламызда мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Имашевқа ескерткіш тақта орнатылды. Мәлік Имашев – еңбегімен елге танылған ерен тұлғалардың бірі. Қоғам қайраткері. Қазақ КСР баспа үздігі. Қарағанды обкомының хатшысы болған.
Еңбек адамының есімін жаңғыртып, мәңгілендіруге арналған шараға келген әріптестері мен замандастары тұлғаның еңбек жолындағы ерлігі жайлы ой бөлісіп, ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды.
Ескерткіш тақта Мәлік Имашұлы 20 жыл басқарған «Полиграфия» өндірістік бірлестігі ғимаратының қабырғасына орнатылды. Қарағанды қаласының және Шет ауданының құрметті азаматы жайлы естеліктер мен жылы лебіздер айтылды.
– Мәлік Имашұлы осы ғимаратта қызмет етті. Бұл кісінің еңбегі, жасап кеткен қызметі, қалдырған ізі жас ұрпаққа, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге деп санаймын. Бүгін осы еңбегі бағаланып, еске алынып, осындай тақта ашылып отыр, – деді Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов.
– Өнегеге толы ғұмыр иесіне көрсетілген құрмет – барлық баспахана қызметкері үшін сый, – дейді Мәлік Имашевтің әріптестері.
– 1975 жылы Мәлік Имашұлымен бірге жұмыс істедім. Ол кісімен әріптес болу – үлкен бақыт. Қызметте жетекшім әрі әкемдей болды. Бүгінгі шараға облыстың түкпір-түкпірінен баспаханадағы әріптестеріміз келуде. «Ескерткіш тақта ашылады» дегенді естіген Голландия, Аустралия, Германиядан бұрынғы әріптестеріміз қоңырау шалып құттықтап жатыр. Өте қуаныштымыз, – дейді М.Имашевтің әріптесі Нина Гончарова.
Мәлік Имашұлы – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Баспа, полиграфия және кітап саудасы облыстық басқармасын басқарды. Екі ұл тәрбиелеп өсірген.
– Әкем баспаханаға жұмысқа келген жылдар әлі есімде. Ғаламтор жоқ. Қазіргідей тасымал оңай заман емес. Сол кезде үлкен жұмыс атқарды. 1990 жылдардың ауыр кезеңінде «Шахтер» клубының қаржыландыру таба алмай отырған ауыртпалығын шешіп беруге атсалысты. Стадионды жекешелендіруге өтіп кетуден сақтап қалды. Барлық еңбегін айтпай-ақ, осы ерліктерінің өзін үнемі мақтан тұтамын. Әкеме көрсетілген құрмет үшін жанұямыздың атынан алғыс білдіремін, – деді ұлы Валерий Имашев.
Мәлік Имашұлының келуімен Қарағанды облысының полиграфия жүйесінде, қалалық, аудандық газет, кітап саудасында ірі қайта құрулар болған. Полиграфиялық материалдардың бухгалтерлік есебін жүргізу, тапсырыстарды диспетчерлеу бағдарламасын жасаған. Осы секілді үлкен еңбек жолы тағылымды шарада айрықша айтылды.
– Ол кезде қалған-құтқан совет кезеңіндегі баспахана болатын. Жаңа жүйе енгізді. Сол кездің өзінде 70 жаста. Ал 70 жастағы ақсақалдың жаңашылдығын көріңіз. Осакаровка ауданындағы бидай қабығынан қағаз шығару бастамасын қолға алды. Бір әттеңі – сол кезде зейнеткерлікке шығып, тамаша идеясын жүзеге асыра алмай кетті, – деп шәкірті Әшімхан Жәмпейісов өкінішін білдірді.
Оның есімі ҚазКСР Алтын құрмет кітабына енген. КСРО және Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, 7 кітаптың авторы. Мәлік Имашұлының еңбек жолы, іскерлігі келешек ұрпаққа үлгі болары анық.