Қаладағы кәріз жүйелері ескірген

Қарағанды қалалық мәслихатының бірлескен отырысында түрлі мәселе көтеріледі. Осы жолы қаламыздың кәріз жүйелерінің жағдайы талқыланды. Қаладағы кәріз жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Қазірдің өзінде кәріз жүйелерінің 85 пайызы ескірген.

Мәселен, Резник көшесіндегі 24-үйден бастап №10 коллекторға дейінгі 19 кәріз жүйесін ауыстыру қажет. Оған 3,5 млрд теңге керек. Ал Совхоз көшесіндегі коллекторларды жаңғыртуға шамамен 3 млрд-тан аса қаражат керек.

– Магистральдық коллекторлар арқылы ағынды суларды тасымалдау КМК сорғы станцияларының көмегі арқылы жүзеге асырылады. Олар МИК Сұрыптау, Майқұдық, Оңтүстік-Шығыс және Федоровкада орналасқан. Барлығы 9 дана. Ағынды су аэрация станциясына түседі. Мұндағы жобалық өнімділік шамамен 230 мың текше метр. Қазіргі деректер бойынша, шамамен 100 мың текше метрді құрайды. Олар механикалық және биологиялық 2 блоктан тұрады. Біріншісі 1979 жылы, екіншісі 1982 жылы енгізілген, – дейді «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Кенжан Дауылбаев.

Қалалық мәслихат депутаттары Федоров суқоймасының мәселесін де көтерді. Онда суға денсаулыққа зиян қалдықтар төгіледі деген хабар тарап, халықты алаңдатқан еді.

– Федоров суқоймасында кәріз ағындарынан сынама алдық, ешқандай зиян қалдық табылмады. Босқа даурығуға себеп жоқ деді, – «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының м.а. Кенжан Дауылбаев.

Депутаттар жыл сайын кәріз жүйелерінің қызметіне мониторинг жүргізеді. Себебі тұрғындар шағымы әлі күнге толастамай тұр.

– Қалай болғанда да, бұл – біздің қаламыз, біз мұнда жұмыс істегендіктен қаржыландыру мәселесін шешуіміз керек. Өйткені біз өз бетімізше ештеңе жасай алмаймыз. Мәселені бірлесіп атқарамыз. Сондай-ақ келер жылы 3 млрд теңге сомасына кәріз желілерін ауыстыру қарастырылған, – дейді «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Кенжан Дауылбаев.

Бірлескен отырыс қорытындысында бюджет және кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі комиссия төрағасына қалалық әкімдікпен бірлесіп бюджет қаражатын кезең-кезеңмен бөлу және облыстық деңгейде шешу туралы да ұсыныстар айтылды.

 

Нұрәсем АХАН,

«QH»